Бас тақырыпЖаңалықтар

Ұлттық рухтың ұлы қорғаны

Әуелі сөз пайда болған дейді. Жоқ-ау, сөзден бұрын кескін пайда болған сыңайлы. Иненің жасуындай ғана саңылау, меңіреу дүнияның құдіреті мен сүгіретін айырып берген – қайран қарашық-ай десеңші. Қошқыл қара түндерде көзіңді жұма қалсаң, қараңғылықтың қапас түнегінен ағараңдап аппақ әлем елес берер еді. Әлгі аппақ әлемге қармана беріп қалғып кеткеніңізді де, қалғып барып қызылды-жасыл бояуға қанық түс тұңғиығына сүңгіп кеткеніңізді де аңғармай қалар едіңіз. Бояу. Ояу адам көре бермейтін бояу! Пенде емес періште санатына көтеріліп барып, қанатын – шабытқа, қауырсынын – қылқаламға айырбастағаны ғана көреді бұл бояуды. Әлдеқашан көріп қойған. Жанарымен емес, жүрегімен, түсімен емес, түйсігімен. Арамызда жүр демесең, зау көкті мекендейді ол. Қолында қылқаламы ғана бар демесең, хандар мен патшалардан да дәулетті екен дейді оны. Өлмес өнерімен, сөнбес шығармашылық шырағданымен. Өткен жұма күні мұңсыз дүниені мұнтаздай қалпында алдымызға ақтара салған осы Мұрат ҚАЛҚАБАЕВ облыстық бейнелеу өнері мұражайында жетпістің желкенін керіп тұрып жеке көрмесін көзіқарақты көрермен назарына ұсынды.

Швед суретшісі Иоганнес Иттеннің пайымдауынша, дүнияда негізгі үш-ақ түс бар екен. Қызыл, сары және көк. Қалғаны – осы үш бояудың алма-кезек қосындысы ғана. Алайда, адам баласы 5 миллионға жуық түс реңін ажыратып алады. Ғажап емес пе?! 5 миллионға жуық рең! Осы туралы ойлап көрдіңіз бе? Бәлкім, шаңырағы – аспан, тал бесігі – дархан даладағы бағзы бабаларымыз білген болар мұны. Әйтпегенде, алғаусыз дүниені алдаусыратып киіз басып, текемет тоқыр ма еді, сарғыш түсті топырақтан алынған жосаны, томар бояу, қына, рауғаш, сары ағаш, шырғанақ тамырларын таныр ма еді дейсің еріксіз. Алуан түсті бояу. Бояуды білгеннен бастап ою-өрнек пайда болған сыңайлы.

Осынау елеусіз ғана зерлі дүниеге назарыңыз ауған болар. Оюды айтып отырмыз. Сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын, түркілердің таным-түсінігін келмеске кетірмеген ел емеспіз бе? Қанымызға сіңіп, тамырымызда тулаған ұлттық рух осы қасиетті өнерде жатыр. Болмыс-бітіміміз, мәдениетіміз, руханиятымыз, қажет десеңіз өмір сүру салтымыздың өзі тұнып тұрған өсиет пен қасиет. Олай болмауы мүмкін емес еді. Көненің көзі, асылдың сынығы – ата-әженің қолында өскен баланың таным көкжиегі шексіз болмаушы ма еді? Қалқабаевтың туындысына қарап, соны аңғардық.

 Мұрат Әбдіраманұлы – КСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бұл аз десеңіз, ҚР Суретшілер академиясының академигі. Академик атанудың да өз себебі бар. Бұл тұлға бейнелеу өнерінің барлық түрін меңгерген. Кескіндеме, сәндік қолөнер, монументальды өнер, мүсін өнерімен де жұмыс жасайды. Ой көкжиегінің, шығармашылық шеберлігінің осынша биік болуын көрмеймісіз. Бұрынғы Шымкент облысының Оңтүстік ауылында шыр етіп дүние есігін ашып, қанаты қатайды, буыны бекіді. Тәңірі таңдайына сөз емес, маңдайына суретші болуды сол тұста жазып қойса керек.

Алматы көркем сурет училищесінде тәлім алып, онымен шектелмеген болашақ шебер Львов мемлекеттік институтының сәндік өнер факультетінде шығармашылығын шыңдады. Шыңдалды да, Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесінде оқытушы болды. Алайда, Жаратқан ие пешенесіне бұдан да биік белес бағындыруды жазған екен. Туып өскен Шымкентінен емес, шалғайдан бұйыртты бұл несібені. Алты ай қысы – аяз, көктемі кешеуілдеп келетін, жазы – қоңырсалқын Сарыарқа төсіне табан тіреді. Дегенмен, Оңтүстікте ойнақ салған бала күндерді, әжесінің ыстық алақанын, оның текемет түр салған түндерін санадан өшіру мүмкін бе? Жоқ. Ауылы алыстады демесеңіз, бәз баяғы қалпы санасында сайрап тұр. Әжесінің сол шеберлігі де Қалқабаевтың қайталанбас өнер иесі болуына ықпал етсе керек. Бойынан қазақылықтың исі аңқып тұрады.

 Сарыарқа төсін Шымкентінен кем көрмей осында тұрақтап қалды. Сонау 1977 жылдан бері Қарағандыға кіндігі байланған. Бойда бар талантын болашақ жастарға сіңірсем деп Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің сәндік, қолданбалы өнер және сурет кафедрасының меңгерушісі болды. Бертін келе бас суретші, одан соң Қарағанды Суретшілер одағының төрағасы қызметін атқарды. М.Қалқабаевтың еңбегі Қазақстанда, Ресейде, АҚШ, Израиль, Канада, Германия, Оңтүстік Корея сынды елдерде мұражайлар мен коллекционерлердің қолында сақтаулы.

Ата-әжесіне жақын өскен ол, халық ауыз әдебиетін, қазақ фольклорын бойға сіңірді. Әжесіне көмектесе жүріп, киіз бұйымдарын жасауды көзімен көрген-ді. Көре жүріп, көңіліне тоқыған-ды. Текемет пен сырмақ басудағы мыңжылдықтар дәстүрін жалғастырғысы келді. Сөйтті де, оюды сөйлетіп, сюжеттер бере білетін алғашқы шебер атанбасы бар ма? Оған куә – ақ киізге көгілдір, алқызыл түстен сюжет бере жасаған текеметі «Сарыарқа» әуежайы ашылғанда төрден орын алғандығы. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Мұрат Қалқабаевты қолданбалы өнердің шебері ретінде қарағандылықтар ғана емес, Алматы мен Мәскеу шеберлері мойындады.

Сол жылдардан бастап қолданбалы өнермен қатар, кескіндемелік шығармаларын жаза бастады. Жалпақ жұрт кескіндемені – сурет салу деп білсе керек. Сөйтіп, өзінің 50 жылдық мерейтойында тек кескіндемелік жұмыстардан тұратын көрмесін ашқан болатын.

 Шебердің шабыт көзі қазақ фольклорынан бастау алғандықтан, кескіндемелерінде де қазақи болмыс бірден байқалады. Сюжеттерінің бір тұсында міндетті түрде оюды көре аламыз. Композициялық құрылымы жағынан ою-өрнек тектес болып келеді. Балалық шағымен байланысты жұмыстары баршылық. Жартылай оюлы абстаркцияда жұмыс жасайтындықтан, ол көзбен көргенін көңілімен қалай қабылдаса – солай көрерменге ұсынады.

Портрет жанрын бір кісідей меңгерген. Аталған жанрдың бар заңдылығына бағына отырып, қылқалам сілтеуі – шеберлігінің шынайы шыңы дерсіз. Жан-жақты. Жан-жақтылығын мүсін өнеріне қатысты туындыларынан тани аласыз.

Қарағандылық болсаңыз, Бейбітшілік бульварын бойлай өтпеуіңіз мүмкін емес. Ал, сол бульвардың К.Станиславский атындағы театр тұсында тұрған «Қобыз» кешенін көзіңіз шалған болар. 2003 жылы орнатылған бұл кешен күні бүгінге дейін көздің жауын алады. «Авторы кім?» демеңіз. Ол – Мұрат Қалқабаевтың төл туындысы. Бұдан бөлек, «Қаза болған шахтерлер ескерткіші», «Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда қаза болғандарға арналған ескерткіш», «Сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ресейліктерге» арналған ескерткіштер де көрме иесінің қолынан шыққан туындылар.

…Күнделікті күйбің тіршілік кей кездері ұлттық болмысымыздан ажыратып бара жатқандай көрінеді. Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз үйіңізде текемет бар-жоғын ойға алып көріңізші. «Бұрында бар еді ғой…» дейсіз. Кейін…

Келе-келе…

Әр елдің алабажақ кілемшесі қаптап кетті шаңырағымызда. Тойға арқаласақ та текемет емес, кілем іздейміз. Оюы бар дүние көрсек орынсыз күлеміз. Ал, ертеңгі ұрпақ тамыр-тарихымызды тарқатып кеп жіберсе, кілем жібіндей түтіліп кете бармаймыз ба екен?! Кім білсін? Түтілеміз-ау. Сол сәтте түтілмей қалатын Қалқабаевтың ғана жүрек-жібі болады. Мұрат Қалқабаевтың жүрек-жібі, өлмес өнері! Қара да тұрыңыз!

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button