Жаңалықтар

Жаңа әліпби – тіліміздің тұма бұлағы

Әліпбидің жаңа белесі

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан – латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығы қалың қауымның ықыласына бөленіп, қызу қолдау тапты. Елбасының латын әліпбиіне көшіру жөніндегі кешенді шаралары Балқаш қаласында да кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Бірінші кезекте латын әліпбиіне көшуге байланысты халық арасындағы кең ауқымды ақпараттықтүсіндірме жұмыстары дәйектілікпен жүргізілуде.

Елбасының назарынан өтіп жалпы халықтың талқылауына ұсынылған қазақ әліпбиінің екі нұсқасымен егжейтегжейлі танысу мүмкіндігі ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Өндіріс орындарында, мекемелер мен ұжымдарда өткен талқылау барысында тұшымды ой айтылды, пікірлер ұсынылды. Мың жылдаған тарихымызда ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет өз әліпбиімізді ауыстыруға қам жасап жатырмыз. Бұл еліміз үшін айрықша мәні бар тарихи оқиға.

Алғашқы күннен-ақ, жаңа әліпбидің әрбір әрпі мен белгісіне зер салған оқырмандар өз ой-пікірлерін ашық айтып, ақпарат құралдарында жариялап келеді. Соңғы екі-үш айда ғана жергілікті баспасөзде жаңа әліпби төңірегінде жазылған 45-тен астам материал жарық көрді. Мұнымен қоса қалалық «Балқаш өңірі», «Северное Прибалхашье» газеттерінде Абай өлеңдері мен халқымыздың мақалмәтелдерін латын әліпбиі негізінде және салыстырмалы түрде кирилл әріптерімен қатар тұрақты түрде жарияланып отыруы көпшіліктің көзайымына айналған.

Қазақ әліпбиіне деген балқаштықтардың ерекше ықыласы басқа да игі іс-шаралардан айқын көрініс тауып жүр. Айталық, жаңа қазақ әліпбиіне көзін үйретіп, қолын жаттықтырып жүрген мемлекеттік және халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері, студент жастар жаңа әліпби бойынша жалпы диктант жазуға қатысты. Үздік шыққандарға сыйлықтар табысталды. Осыған қарап жаңа әліпбиді үйренуге ұзақ жылдар керек дегенге сенгің де келмейді. Жалпы, халық тәуекел десіп, жауапкершілікпен жұдырықтай жұмылып қолға алса, қысқа мерзімде сауаттылық негіздерін қалыптастыруға болады.

Қазаққа 187 саны қасиетті

 Ел Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру ұлттық комиссияның отырысында жұртшылыққа кеңінен таныстыру, пікір алмасу, жекелеген қағидаларды одан әрі тиянақтай түсу мақсатында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» бастапқы жобасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Ол тоғыз тарау 108 параграфтан тұрады. Мұның бәрін бір мақалада шекілдеуіктей шағу еш мүмкін емес. Бұл орайда айтайын дегенім, тілдің тірі организм екендігін үнемі есте ұстау қажеттігі. Емле ережелерінде жекелеген қағидалары жаңарып, түзетіліп, толықтырылып отыруы табиғи заңдылық. Ал, емле дегенімізді жазу нормаларын қалыптастыратын ережелер жинағы деп ұғыну керек. Айталық, халқымыздың ежелден тіліне қолайлы әрі әуезді (ы, і, ұ, ү) сияқты төл дыбыстарымыз кеңес заманында ысырып тастап, орыс тілінің (и, ю, у, я,) әріптері төл сөзіміздің жазылымына енгізілді. Бұл қазақ тіліне жасалған қиянат еді. Орыс алфавиті қаріптерінң араласуы тілімізді бұзса, осы тілден енген атау сөзінің тұлғасы негізінен сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылып келгені тілімізді ала-құла етіп шұбарлады.

Халқымыздың қыз балаға айтылғанда ырғағымен әуезі үйлесіп тұратын есімдерді де жиі қоятыны белгілі. Оларды қалай айтып, қалай жазып жүрміз? Мысалы «Әсем» – Асем, «Әсел» – Асель, «Сәлия» – Салия, «Жұлдыз» – Жулдыз, «Ілеспекті» – Леспек деп төлқұжаттарымызда жазылып жүр. Немесе Жезқазған, Жамбыл, Жомарт сияқты жер-су, адам есімдерінің алдына кешеге күнге дейін «Д» әрпін қосарлап жазылуы тегіміздің соңына «ов», «ев», «ич» әлі де тас кенедей жабысып жүр. Осыдан сөзіміздің өңі өзгеріп, тілімізде бұлғақтайды.

Мұндай тіл бодандығынан құтылатын күн жетті. Қолымызға енді ғана тиген «Қазақ тілі емлесінің ережелерін» (жоба) парақтай отырып осындай қуанышқа кенелесің. Ендігі жерде 42 әрпінің орнына 32 әріптен құралған жаңа қазақ әліпбиінің іргесі мықтап тұрып қаланатын болады. Қазақ әліпбиінің атасы А.Байтұрсынов: «Жаңа әліпби тілге шақ болу керек. Артық әріптері көп әліпби қолайсыз болады» деп әлдеқашан тайға таңба басқандай айтып қойған-ды. Әріп саны неғұрлым аз болса, соғұрлым жетілген әліпби болып саналатыны осыдан.

Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал, қалған мемлекеттердің көбі толықтай латын әліпбиіне көшкен. Оның ішінде түбі бір түркі елдері де бар. Қазақ елі бұған дейін де латын әліпбиінің жілігін шағып, 1940 жылға дейін майын ішкен. Рас, кирилла әліпбиі тілімізге елеулі қиянат жасап, зардап шексек те 80 жылдай нанын жеп, өсіп өркендедік. Қазір де егемен елімізге қызмет етіп келеді. Мұны да айтпай өтуге болмайды. Десек те, заман ағымынан қалуға болмайды. Қазіргі таңда әлем халықтарының 80 пайызы яғни, 186 мемелекет латын қарпін пайдаланады. Ғылыми ақпараттың да 76 пайызы латын қарпімен келеді. Төрткүл әлемдегі технологиясы ең үздік Қытай мен Жапония елдері де қазір латын қарпіне бейімделіп жатыр. Демек, әлем халқы бой түзеген әліпби – бұл.

Қазақ халқының асыл мұраты да әлемдегі латын әліпбиін меңгереген 187-ші ел болып қатарына қосылу. Сондықтан, бұл сан қазақ үшін қасиетті, әрі жауапты. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиімен жазу қазақ елін биіктерге ұмтылдыратынына күмән жоқ. Ләйім солай болғай!

Махмұт Жарылғап.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button