Бас тақырыпЖаңалықтар

Отбасылық емхана: медицинадағы тың қадам

Кейінгі жылдары еліміздің медицинасы айтарлықтай қанат жаюда. Себебі, сала қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды барынша қолдау – Елбасының үнемі назарында. Соңғы жылдары аймағымызда қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде өз нәтижесін беруде. Бағдарлы бастамалардың арқасында жаңа ғимараттар салынып, саланың материалдықтехникалық базасы нығайып келеді.

Десек те, медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы әлі де жетілдіре түсуді қажет ететіні, медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етуде тапшылық байқалатыны рас. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазақстанда денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілгеннен бастап, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған түбегейлі өзгерістер болды. Бұл шаралардың барлығы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің беделін арттыруға мүмкіндік берді және оның деңгейін халықаралық стандарттарға жақындатты. Бұл ретте, тұрғындар қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етілді. Біз осы бағытта отбасылық денсаулық орталықтарының санын көбейтуді жолға қойып отырмыз. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында бір дәрігерге орташа есеппен 1850 адам келеді. Біз әзірге, көрсеткішті белгіленген 1700-ге сәйкестендірсек деп отырмыз. Мәселен, клиникадағы кеңістіктің жетіспеушілігімен байланысты (бүгінде тапшылық 3 мың шаршы метрден асады). Осы міндеттерді шешу үшін демографиялық көрсеткіштер мен аймақтық ерекшеліктерді есепке ала отырып, алдағы 3 жылда амбулаториялық клиникалардың желісін дамыту және жетілдіру бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Осылайша, биыл Қарағанды қаласында (Можайская және Ержанов көшелерінде) екі шағын емхана ашылды. Қарағандыда тағы үш отбасылық денсаулық орталықтарын салу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаражаты есебінен алдағы уақытта Теміртау қаласында жаңа емхана құрылысы басталады, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Ержан Шәкірұлының айтуынша, отбасылық денсаулық орталығы емхананың филиалы ретінде қызмет көрсетеді. Мұнда кең профильді дәрігерлердің қаралуына келіп, сараптама сынамаларын тапсырып, рентген, УДЗ және ФГДС өтуге қолайлы. Шағын емхана заманауи техникамен және дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып жұмыстарын оңтайландыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйемен толық қамтылады. Нақты айтқанда, орталықтың көптеп ашылуы емханадағы дәрігерлеріміздің жұмысын сәл жеңілдетіп, дәрігерлерге кіруге кезектерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Спикер сонымен қатар, кадрлық мәселелерді шешу мақсатында 3 жыл ішінде медицина қызметкерлеріне 240-тан астам қызметтік пәтер берілгендігін сөз етті. Сонымен қоса, клиникаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін мамандарды үздіксіз оқыту жүргізіледі. Осы мақсатта жергілікті медицина қызметкерлерін оқытуға жыл сайын 76 млн. теңгедей қаражат бөлінбекші.

Айта кетейік, облыстағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 44 медицина мекемесі жұмысын жандандырып, 103 терапевт пен 96 педиатр дәрігермен қамтылған. Қаржылық қолдаумен, мақсатты трансферттер арқасында, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар қызметі енгізілген, учаскелік қызметке орта медицина қызметкерлерін қабылдау алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлеуметтік бағытын жақсартқан. Сондай-ақ, басқарма басшысы электронды денсаулық паспорты жобасының жүзеге асырылуы медициналық қызметті сапалы көрсетуге мүмкіндік беретінін мәлім етті. Қазірдің өзінде өңірімізде 1 300 000 тұрғын электронды денсаулық паспорты жобасының қызметіне жүгініп отыр. Бүгінде емханаларда 123 жалпы тәжірибе дәрігерлері жетпейтіндігін де айтып өтті.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button