Бас тақырыпРуханият

Жыр бәйгесінде – мұғалімдер

Жуырда №36 мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында және ақын М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ туғанына 125 жыл толуына орай «Жыр жазамын жүрегіммен…» атты мұғалімдер арасында II қалалық мүшәйра өтті.

Жыр додасының өтуіне осымен екінші мәрте №36 мектеп мұрындық болды. Мүшәйраға 21 талапкер қатысып, екі кезең бойынша өз бақтарын сынады. Талапкерлерге Ілияс Мұқай, Қайрат Иманбеков, Айнұр Жаппарқұлова бастаған ақындар баға берді. Бірінші кезеңде жыр бәйгесіне қатысушы ұстаздар берілген тапсырмаға сәйкес өлең жазды. Бұл жерде байқағанымыз, үміткерлер арасында мықтыларды анықтауға мүмкіндік болды. Жай қара сөзге келгенде ешкім қалыспайды ғой. Ал, бірақ өлеңге келген кезде, әрине, барлығының шамасы білініп қалып жатады. Аталмыш кезеңде 21 қатысушының ішінде 8 үміткер ғана дараланып шықты.

Сегіз ақынның өлеңдері де осал болмады. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең…» деп Абай һәкім айтпақшы өлеңге келгенде қазылар алқасы әділеттілік танытты.

Жүлделі І орын №134 мектептің мұғалімі Ербұлан Әуезұлына бұйырса, №39 гимназияның білікті ұстазы Мөлдір Әлжанова мен №10 мектептің мұғалімі Аида Тайтөлеуқызы ІІ орынды еншіледі. №92 гимназияның мұғалімі Досжан Нұржанұлы мен №15 мектеп мұғалімі Арайлым Смағұлова жүлделі ІІІ орын тұғырынан көрінді. Сонымен бірге, №40 мектептің мұғалімі Ақмарал Ташпулатова, №23 мектептің мұғалімі Данагүл Омарова, «Мерей» бөбекжайының қызметкері Ақмарал Қуанышбекқызына Алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтары берілді.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар ұстаздар арасындағы қалалық мүшәйраны облыстық деңгейге көтеру туралы ұсыныстарын білдірді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button