Бас тақырыпРуханият

Серке театрында – саф өнер тойы

Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, танымал режиссер Жанат ХАДЖИЕВ атындағы театрлар фестивалі өтті. Өнер жәрмеңкесінде елдегі театрлар майталмандарымен қатар, Сербия, Франция және Қытай Халық Республикасының әртістері халыққа рухани азық сыйлады. Әлқисса. Осымен екінші мәрте шымылдығын түрген шараның халықаралық деңгейде өткізілуіне облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ ұйытқы болды.

Мысты шаһардағы мәдени шара Сәтбаев алаңынан бастау алып, «Елім менің» хореографиялық қойылымымен ашылды. Жиылған қауымға арнайы көрме де ұсынылды. Көздің жауын алатын жәдігерлер Қазақ хандығының қалыптасу кезеңінен сыр тартып, Абылай ханның ұлы арманымен астасып жатты.

 Сондай-ақ, көрерменге С.Қожамқұлов театрының тарихын баяндайтын деректі фильм көрсетілді. Өнер ордасының ұжымы ұзын саны алты мыңнан астам спектакльді сахналаған. Соның басым бөлігінде Ж.Хаджиевтің қолтаңбасы қалғанын өнерсүйер қауым жақсы білсе керек!

Бір жылдары үзіліп қалған театрлар фестивалінің қайта жаңғыруына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негіз болған.

 – Осындай игі шаралар арқылы халқымыздың рухани мұрасын насихаттап, әлемге дәріптейміз. Сондай-ақ, әлем театрларының озық дүниелерінен үлгі алып, ұлттық өнеріміздің аясын кеңейтеміз, – дейді облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Рымбала Омарбекова фестивальге қатысушыларға сәттілік тілеп, Ж.Хаджиевтің өнердегі өшпес ізіне көз жүгіртті. Аймақ басшысы Ерлан Жақанұлының құттықтау хатын табыстады. Астана «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай азаматын қадір тұтқан, театрлар фестивалін жоғары деңгейде өткізуге күш салған облыс басшылығына алғыс айтты. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Ғалым Жайлыбай да ыстық лебізін білдірді.

– Алаштың ардағы, Қаныштың арманынан туған қала тектіліктің туын тағы да желбіретті, – деп ағынан жарылды ақын ағамыз.

Фестиваль шымылдығын С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры «Қара орамал» поэтикалық драмасымен ашты. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың туындысы желісімен көрерменге жол тартқан спектакльдің қоюшы-режиссері – Теміржан Жанботаев.

Бүгінде әлемнің 14 тіліне тәржімаланған «Қара орамал» – ең алғаш рет біздің «Орталықта» жарық көрді. Оқырман куә. Алаштың ғана емес-ау, адамзаттың басынан өткен зобалаң жылдардан сыр шертеді. Соқыр саясат қасіреттің кіндігі – «ҚарЛАГ-қа» кімді болсын қамай бермегенін тарихтан жақсы білеміз. Түрлі Ұлттың қаймақтарын темір торға тоғытқан. Өздерін, көздерін. «Менмін» деген тағдырларды талқан қылмаққа. Бірақ, олар болмашыға морт сынатын боркемік емес-ті. Рухтың асқақтығы деп білеміз. Осы тұста қазақтың күллі әлемге үлгі болған қонақжайлығы қалай суреттелген десеңізші?! Ақынның шеберлігі ғой. Әйтпесе, «қопаңдаған» әркімнің кеудесіне қонып, қаламынан құйылып жатса, қане…?

Мұны түйсініп, жүректерді шымырлата сомдау С.Қожамқұлов атындағы театр әртістерінің еншісіне бұйырды. Жарты ғасырға жуық тарихы бар қарашаңырақтың әртістері тартынып қалған жоқ. Әдеттегідей. Талғамға сай, тыңғылықты ізденіс бар. Әрбір актер өз ролін асқан шеберлікпен сомдады. Қалың елдің қошеметінде шек жоқ.

Шалғайдағы болса да, маңдайдағы театр ғой…

***

Фестиваль қатысушылары, театр өнерінің тарландары «Дидар» телеарнасының баспасөз клубына келіп, журналистер қауымымен жүздесті. Осынау шараның ауқымы кеңейіп, өнер көшінің өрге жүзгені – көңілдерді марқайтқанын алға тартты. Құрметті қонақтар қатарында Сербия Жазушылар қауымдастығының вице-президенті, театр сыншысы Снежана Кутрицкий, татарстандық театр сыншысы Нияз Игламов және қытайлық театр өкілдері бар.

Бұдан бөлек, Ж.Хаджиевтің жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рашида Хаджиева да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс басшылығына, Жезқазған халқына алғысын жолдады.

***

 Төрт күнге созылып, таным көкжиегін кеңейткен шарада «MAS Productions» француз театрының ұжымы «Мен кіммін?» драмасын назарға ұсынды. Өзегі – өзекті. Мистерден миске айналған азаматтың қиссасы. Жасыратын несі бар, батысқа еліктегіш біздің қоғам үшін бөтен тақырып емес – бұл. Ойландырады. «Театр – өмір айнасы» деген шындық-ау!

Қытайлық «Хэнань Юй» жастар лигасы «Сюань Зан» драмасын сахналады. Сербияның Ужице қаласынан келген Ұлттық театр әртістері «Демалыс күнінің соңы» спектаклімен көрерменді тамсандырды.

Халықаралық фестивальдің мазмұнын ашып, мақсатын айқындауға астаналық «Жастар» театры да сүбелі үлес қосты. «Меккеге апарар ұзақ жол» қойылымымен. Қостанай облыстық драма театры «Өкініш» трагикомедиясын тарту етті. І.Омаров атындағы театр әртістері де қоғамның дертін дөп басқан. Қазаққа жат Қарттар үйі төңірегіндегі тақырып арқылы. Неміс республикалық драма театры «Үш апалысіңлілі» психологиялық драмасымен көрерменге ой салды.

***

 «Әр елдің салты басқа…». Десе де, ел мен елді бір арнаға тоғыстыратын ұлы күштің бірегейі – өнер. Кеше ғана дүркіреп өткен театрлар фестивалі сөзімізге дәлел.

Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалінің жабылу рәсімінде фестиваль қатысушыларына құрмет көрсетілді.

Салтанатты шарада сөз алған Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова елдің түкпір-түкпірінен және шет елдерден келген театрларға ақжарма тілегін арнады. Өнер ұжымдарына сыйсияпат тапсырды.

Қашанда рухты жаңғыртып, көңілге шуақ сыйлайтын ілкімді істердің басы-қасында жүретін Атымтай жомарт азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков те театр тойына тарту-таралғысын жасады.

 – Жанат Хаджиев ағамыздың есімі Ұлытау, Жезқазған өңірі халқының жүрегіне мәңгілікке ұялаған. Енді, оны өлтіріп алмау – Сіз бен бізге сын, – дейді өнер жанашыры. Бекзат Қомарұлы «Ұлттық театрлар дәстүрлерін сақтағаны үшін» номинациясын Қытай Халық Республикасынан келген «Хэнань Юй» жастар лигасына табыстады.

Қазылар алқасының мүшесі, Сербия Жазушылар қауымдастығының вице-президенті Снежана Кутрицкий «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясының жеңімпазы франциялық театрды марапаттады.

«Үздік әйел ролі» номинациясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының мүшесі Досжан Жанботаев республикалық неміс театрының әртісі Александра Биглерге тапсырды.

 Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, қазылар алқасының мүшесі Меруерт Жақсылықова «Үздік дуэт» номинациясының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл құрметке сербиялық театр ұжымы лайық деп танылды.

 Қостанай облыстық театрының әртісі Олжас Бекайдаров «Үздік ер ролі» номинациясын театр сыншысы Нияз Игламовтың қолынан алды.

«Ең үздік режиссер» деп танылған С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Теміржан Жанботаевқа қайраткер Нұрқанат Жақыпбай марапат көрсетті.

«Жанат Хаджиев атындағы үздік актерлық ансамбль үшін» жүлдесі астаналық «Жастар» театрына бұйырды. Марапатты С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі – Рашида Хаджиева тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев пен сербиялық театр өкілінің иығына шапан жапты.

Осылайша, төрт күнде төрткүл дүниеге сауын айтқан фестиваль өз мәресіне жетті. Халықтар арасындағы достық пен рухани байланыстың шегі жоқ екендігіне тағы бір тамсандық…

Қуаныш Аманқұлов,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button