Балқаш

Балқаштың бағы ашыла ма?

Балқаш көлі отандық туризмді дамыту бағдарламасына енді. Яғни, таяу жылдары курорттық аймақта ауқымды жобалар қолға алынбақ. Көл жағасында жиырмадан астам демалыс аймағы тұрғызылып, инженерлік желі тартылады. Қарағанды – Балқаш күрежолындағы жаңғырту жұмыстары аяқталып, үлкен ұшақтар қабылдауға мүмкіндігі бар қалалық әуежай жаңармақ. Аталған бағыттағы жоспар туралы Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ мәлімдеді.

– Қазір біз үшін экономикалық өсімнің негізгі нүктесі – Шұбартүбек және Тораңғылық кенттері. Демалыс үйлерін салуға болатын 20,5 шақырым бос жағалау бар. Біз үшін негізгі міндет – кенттерде сумен жабдықтау, электр желісі сынды инженерлік жүйені тарту. Жоба дайын, маусым айында берілетін мемлекеттік сараптама шешімін күтеміз. Содан кейін мердігерді анықтап, жұмысқа кірісеміз, – дейді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, бұл шаралар инвестициялық тартымдылықты арттырып, бірден бірнеше мәселені шешеді. Яғни, демалыс бағасын арзандатып, қызмет көрсету деңгейін көтеруге жол ашады.

 – Бұл кенттерде кәріз, орталықтандырылған су құбыры жоқ. Демалыс аймағын ашқан кәсіпкер бәрін өзі қамтамасыз етуі тиіс. Тиісінше, қызмет құны қымбаттайды. Сондай-ақ, бағаға электр энергиясының тарифі де әсер етті. Ауылдық тариф сомасы қаладағыдан жоғары. Сондай-ақ, кенттің қоқыс полигоны жоқ. Қоқыс шығару қызметі қымбат. Біз бұл мәселелерді шешу үшін қос кентті Балқаш қаласына қосу процесін қолға алдық, Енді Үкіметтің мақұлдауын күтеміз, – деді Ораз Тәуірбеков.

Балқаш қаласында жолды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Себебі, туристердің басым бөлігі автокөлікпен келеді.

Еліміздің басқа өңірлерінен туристерді тарту үшін әуе қатынасын да дамыту жоспарланып отыр. Қазір Балқаш әуежайы «Як-40» сияқты шағын ұшақтарды қабылдай алады. Ал, «Боингтер» қонуы үшін әуе айлағы күрделі жөндеуден өтуі қажет. Болжам бойынша 2,5 млрд. теңге қаржы қажет.

Қайта құру жобасы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге ұсынылды. Бүгінде әуежай «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі. Жөндеуді бюджеттен қаржыландыру үшін оны қаланың меншігіне беру қажет. Корпорация басшылығы өз келісімін берді.

Жағалауды абаттандыру, инженерлік желілер құрылысы, жолдарды жөндеу және әуежайды қайта жаңарту жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Болжамға сәйкес, бұдан кейін туристер саны 5 есеге артуы тиіс. Қазір курорт жылына 80 мың адамды қабылдап отыр. Келешекте 400-500 мыңға дейін өсуі мүмкін.

Өз тілшімізден.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button