Біздің сұхбатРесми

«Індет күрес тәсілдерін де көрсетіп берді»

Осыдан біраз бұрын тып-тыныш тірлігіміздің шырқын бұзатын індеттің тап болары ойымызға кіріп те шықпаған еді. Жалпы алғанда, адамзат баласы жаратылғалы түрлі эпидемиялармен сан мәрте бетпе-бет келген екен. Бірақ, солай болды деп, дүниенің дөңгелегі айналуын тоқтатқан жоқ. Бұлардың адамның өмір сүру салтына белгілі бір қағидаларды енгізіп, тіпті, санасында төңкеріс жасағандары да болды. Осы тұрғыда, коронавирус барға қанағат етуді, өзіңнің ғана емес, өзгенің де денсаулығына жауапты болуды үйретті. Шекті дүниені шексіз пайдалану мен шамадан тыс дандайсып кетудің соңы өкінішке ұрындырарын көрсетті. Бұлардан басқа да көптеген жайттарға көзімізді ашып берді. Алайда, індет жұқтыру қаупі әлі де сейіле қоймағанына қарамастан, шектеулер шеңберінен шығып, өзінің де, өзгенің де өмірін бәйгеге тіккен жандар баршылық. Осы және коронавирус дертіне қатысты басқа да мәселелер туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат АСҚАРОВПЕН сұхбаттасқан едік…

– Қанат Қырғызбайұлы, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінгі күнде мыңнан асты. Өкінішке орай, қайтыс болғандар да бар. Бірақ, соған қарамастан, тұрғындардың біраз бөлігі індеттің бар екеніне күмәнді…

– Менің ойыма кішкентай баланың қылығы келіп отыр. Оған «ана жерге барма, құлайсың, бір жерің ауырады» деп қанша айтсаң да, өз дегенін істейді. Қашан сол жерге барып құлап, қолын немесе аяғын ауыртып, маңдайына тиген соң ғана түсінеді. Коронавирус инфекциясының қаншалықты қатерлі екенін түсіну үшін не әсер ету керек екендігін мен түсінбеймін. Адам көп ауруларды өз басынан ауырсыну сезімі арқылы өткізеді. Уайымдайды. Бастапқы белгілерінде бір жері ауыратынын сезіне бастайды. Адамдардың бойында да сол бала кездегі ойлау қабілеттерінің бір бөлігі сақталып қалатын тәрізді. Індетті жұқтырып, басынан өткергенде ғана оның қаншалықты қауіпті екенін сезіне бастайды. Бірақ, ол кезде бәрі кеш болады. Бәлкім, сенбей жүргендердің барлығы ауырып, бастарынан өткермейінше, бұл жағдай жалғаса беретін шығар… Осы тұста бұл дерттің денсаулыққа ойсырата соққы беретіні қаперден шықпауы тиіс.

– Көп жағдайда аурудың белгілері білінбейді деп жатады…

– Шынында да, инфекция жұқтырғандардың 75 пайызында ешқандай белгі болмайды. Олар, бар болғаны – тасымалдаушылар, яғни, қабыну белгілері жоқ. Мәселен, сырқатқа шалдыққандардың 30%-ы оны жеңіл түрде өткереді. Барлығында солай болса, кәні?! Дене қызуы көтеріліп, жөтеліп, арты пневмонияға ұласатындары бар. Коронавирус – сонысымен қауіпті. Әр адамның ағзасы – әртүрлі. Біреуде иммунитет бір ауруға қарсы тұра алса, екінші аурудың алдында дәрменсіз болуы мүмкін. Генетика, өмір сүру салты, ортасы, экологиялық жағдайдың да әсері бар бұлардың барлығында. Тамақтану, адамның өзіне деген көзқарасы да маңызды. Індетпен күресте әр адамның салауатты өмір салтын ұстануы да үлкен роль атқарады.

– Көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Демек, вирустың қауіпті екеніне қапысыз сену керек дейсіз ғой…

– Мысалы, соқырішекке ота жасалған болса, пациенттің келісімімен сенбегендерді палатаға апарып көрсетуге болар еді. Олардың қасына барсақ, бізге ештеңе болмайды. Ал, коронавирус ауа арқылы жұғады. Осы індетпен ауырған адамды көруге келгендер 100 пайыз қорғалмаса, жұқтырып алып шығады. Айырмашылық – осында. Әлемде пандемия алғаш жарияланған тұста вирус жұқтырғандарға көзқарас өзгеше болды. Оларға өшпенділікпен қарайтындар болды. Осындай жағдай өзімізде де орын алды. Инфекция жұқтырмаса да, карантиндегі «Нұрқазған» кенішінің жұмыскерлерін орналастыратын жер іздегенде, жергілікті тұрғындар қатты наразылық танытты. Вирус келгенін қаламаймыз деп, билікке ашық хат та жазды. Бұл аурулар мен одан жазылғандардың көңілкүйіне кері әсерін тигізері анық. Жабық-жасырын болуының бір себебі – осы. Әрине, инфекциялық стационарда болмаған соң, ауырғандарды көзімен көрмеген соң, көп адамның сене қоймасы анық. Бірақ, сенбеді екен деп, біз өзгелердің өмірін қатерге тіге алмаймыз.

– Карантиндік стационар демекші, бастапқыда «ватсап» желісі арқылы түрлі видеолар тарап кетті емес пе?

 – Иә, сондай видеолардың тарағаны рас. Карантиндегілер «бәріміз бірге жатырмыз, ешқандай оқшаулану жоқ», болмаса, дұрыс тамақ берілмейді, ешқандай қорғаныш құралдарын алмадық дегенге баса назар аударды. Олар тек карантинде жатқандар. Бастапқыда вирус қалай өршитінін білмегендіктен, әрі қалай әрекет ету керектігі зерделенбегендіктен, науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулауға тура келді. Ең басты қорқыныш – бұл емес. Қорқыныш – пневмониясы асқынып, өкпесінің біраз бөлігі зақымданғандарды емдеудің қиындығы.

– Коронавирусқа қарағанда маусымдық тұмаудан қайтыс болғандар саны басым деген статистика да жарияланды…

 – Ондай статистика болғаны рас. Бірақ, қазір коронавирустан қайтыс болғандар саны тұмаудан қайтыс болғандардан бірнеше есе асып жығылғанын көрдік. Біз маусым сайын айналып соғатын тұмауға дайындаламыз. Дәрумендер аламыз, балаларды барынша жылы киіндіруге тырысамыз. Ал, коронавируста ыстық немесе суық деген түсінік жоқ. Ол – сонысымен қауіпті. Әлем қазір күрес тәсілдерін өзгертуде, алгоримдер әзірленуде. Нормативтік-құқықтық актілер өзгерді. Басымыздан өткерген індет күрес тәсілдерін де көрсетіп берді.

– Коронавирус соншалықты қатерлі болса, карантин шаралары неге жеңілдетілді?

 – Өмірімізде экономиканың ролі – зор. Онсыз өмір сүре алмаймыз. Барлығымыз жайлылыққа, қажетімізді өтеуге үйренгенбіз. Кеңес үкіметінде барлығы дайын еді. Қазір уақыт басқа. Өзіміз ақша тауып, соған өмір сүреміз. Бұл – қажеттілік. Адам аштан өлу мен жұмыс істеп, ауырып шыққандардың қатарына енудің бірін таңдар болса, соңғысына табан тірері анық. Ол үшін қызмет салалары іске кірісуі керек. Сол себепті де, карантиндік шектеу шараларына көп сын айтылды. Бірақ, ашылған нысандар тиісті талаптарды орындамаса, жұқтыру жағдайлары орын алары күмәнсіз. Сондықтан, үлкен жауаптылық керек. Әркімнің таңдау құқы бар. Мәселен, дәмханаға бара қалсақ, сапа мен қауіпсіздік үшін ақша төлейміз. Барған жерде инфекция болмағанын қалаймыз. Бұл – қызметті тұтынушының құқығы. Демек, ашылдың ба, алгоритмді ұстан. Қазір тұрғындардың көпшілігі көпшілік орындарға барудан бас тартты. Бұл – олардың азаматтық ұстанымы. Өзі үшін де, өзгелер үшін де жауапкершілігі.

– Жауапсыздық жарға жығады дейсіз ғой…

 – Иә, мысалы, карантин кезінде үйде болмай, отбасылық мерекеге барған «Нұрқазған» кенішінің қызметкері 17 адамға инфекция жұқтырған. Олардың алтауында – пневмония. Соның алдын алуға болар еді. Осындай мысалдар көп. Әсіресе, егде жастағылар көп ауырады. Сондай-ақ, созылмалы сырқаты барлар да барынша сақ болғандары жөн. Қайтыс болғандардың барлығы дерлік осындай созылмалы дертпен ауырғандар. Инфекция олардың ағзасына ауыр соққы берді. Бұл – қателік. Біздің қатеміз. 6 адамның жағдайы нашарлап, ертең мүгедек болып қалмауына ешкім кепілдік бермейді. Бірақ, ғылыми деректер пневмония болғандардың 20-30 пайызының өкпесі зақымдалады дейді. Жазылып шыққанның өзінде болмашы, тұмау немесе басқа да аурудың соңы өкінішке ұрындырады. Қай-қайсымыздың да вирусты жұқтырып алмауымызға ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан, қатаң шаралар қолданбайынша, вирустың таралуын тоқтату мүмкін емес.

– Балалардың да дерт жұқтыру жағдайлары орын алды…

– Иә, қазір балалардың арасында да вирус жұқтырғандар көп кездесуде. Бірақ, оларда жеңіл өтеді, себебі, инфекцияға төзімді. Иммунитет ана сүтімен қалыптасады. Туғаннан аллергия, диатез, бронхитпен ауырған балалар бар. Олардың вирусты жылдам жұқтыруы – ықтимал жағдай. Қысқасы, мықты иммунитет – инфекцияға қарсы бірден-бір қорғаныш. Денің сау болса, кез келген ауруға төтеп бересің. Ата-анасы балаға ұқыпты қарап, дұрыс тәрбие бере алса, ол өскенде табиғи болсын, техногендік болсын, кез келген қиындықтан жеңіл шығары сөзсіз.

– Бастапқыдай емес, ауру ошағы анықталған үйлердің подъездері қазір 14 күнге жабылмайды. Бұның себебі неде?

– Бастапқыда біз вирус қалай әрекет ететінін білген жоқпыз. Оның үстіне инкубациялық кезең де ұзақ болды. Жұқтырғандар 10-14 күннің ішінде анықталды. Кейін жағдайды талдай келе, карантинге жабылған подъездерде вирус жұқтырған науқастар болмағандықтан, 2 күнге қысқартуға шешім қабылдадық. Келе-келе, тіпті, жаппайтын да болдық. Бірақ, тұрғындар 14 күн қатарынан медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Жағдай өзгерді, біз де өзгердік, дайындығымыз да жетіле түсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі вируспен қалай күресуді білмегендіктен, кең ауқымды шаралар қабылданды. Кейін бірте-бірте жеңілдетіле бастады. Дайындық болмағандықтан, жаппай жұқтырудың орын алғаны рас. Қалай болғанда да, әзірлік басты роль атқарады. Бұл – өмір. Ертең коронавирустың басқа түрі пайда болмасына кім кепіл?! Бірақ, уақыт өте келе, коронавирустың да маусым сайын айналып соғатын тұмау дәрежесіне жететіні анық.

– Маусым сайын демекші, күзде инфекцияның тағы бір толқыны болады деген болжам туралы не айтасыз?

– Көктемнен жазға өткеніміз бізге қолайлы болды. Себебі, осы кезде тұмау немесе суықтан өршитін басқа да аурулардың біраз тыншиды. Ал, күз маусымы – салқын кезең. Бұл денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Сондықтан, екінші толқында ауру жұқтырғандар саны қазіргіден де көп болуы мүмкін. Температура төмендеген сайын вирус та өміршең бола түседі. Соған дайын болуымыз керек. Бастысы, тұрғындар өз денсаулығына ұқыпты қарап, сақтық шараларын ұстанғаны абзал. Себебі, біз күзге қатаң шектеу шараларымен кіре алмаймыз. Өмір жалғаса береді. Оған қазірден дайын болуымыз керек. Бетперде, медициналық қолғаптар кию, антисептик пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау – маңызды.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет, Қанат Қырғызбайұлы. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Әңгімелескен Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button