Баған

Бағдарлама қажет-ақ…

Қазақтың ән-күй өнері Арқа даласында кең тараған. Классикалық өнердің жеке мектебі қалыптасқан. Бабалардан келе жатқан осы қасиетті жолды жалғап жүрген өнер иелері де баршылық. Қазірде Арқада Мәди, Әсет, Тәттімбет, Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Мағауия Көшкінбаев секілді алыптар көп айтылмайды.

Осы алыптардың сара жолын жалғастырушы Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Жақсыгелді Кемалов, Ғалым Мұхамедин және тағы басқа да бірнеше буын өкілдері бар. Жуырда ғана өмірден өткен Мейірхан Адамбеков ағамыздың да телеарналарда сұқбат бергенін байқамаппын. Қазақтың ән өнеріне қатысты көптеген ғибратты әңгімелері болғаны сөзсіз.

Алайда, өн бойына ұлттық болмысымызды ұйыстырған ақсүйек өнердің дәріптелуі кемшін.

Тәуелсіздік алғалы бері біраз көш соңында қалып қойдық.

Тек мерекелік кештер мен концерттерде, той-томалақта ғана бой көрсетеміз.

Қарағанды облыстық «Сарыарқа» телеарнасында осы құндылықты насихаттайтын бағдарлама жоқ.

Атырау, Алматы сынды басқа аймақтардың арналарында осы өнер саласын насихаттауға арнайы бағдарлама ашып қойған. Олардың орындаған ән-күйлерін таспаға басып, Алтын қорларын толықтыруда.

Мәселен, орыс көп шоғырланған Солтүстік Қазақстан облысы осы жағынан көп өңірден озық тұр. Оларда Қайрат Байбосынов ағамыздың шәкірті Біржан Есжанов ашқан «Аманат» деген бағдарлама 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Дәстүрлі өнер иелері көп болмаса да, насихаты мол. Сол бағдарламада әннің шығу тарихы қозғалады, ән-күй орындалады және түрлі нұсқалары көрсетіледі.

Ал, біз аймағымыздағы осындай классикалық өнер мектебі өкілдеріне көңіл бөлмей келеміз. Ауыз толтырып «Арқаның дәстүрлі ән мектебі, күйшілік өнері» деп асыра мақтауға құмармыз. Нақты іске шорқақпыз. Сержан Мұсайын, Құрмаш Ыбышев, Дәуренбек Әркенов сынды орта буын өкілдерімен қатар басқа да толқын-толқын өнерпаздар бар. Олардың да облыстың басты арнасынан ән салып, радиолардан сөйлеп жатқанын естімейміз. Облыс орталығындағы іргелі мәдени ошақтарға домбыраңды құшақтап бас сұқсаң «Эстрадамен ән орындайсың ба? «Молдабайдың әні» секілді көңілді әнің бар ма?» деп апшыңды қуырады. «Молдабайдың әні» бір бөлек десек те, елдің бәрі осындай ән тыңдауы керек деген сөз емес қой.

Эстрада өкілдерінің еңбегін жоққа шығармаймын. Бірақ дәстүрлі өнер құрдымға кетіп барады ғой? Осыны неге бір сәт ойламасқа?

Аймақтың басты арнасы осы жағдайларды реттеп, ұлттық өнерді насихаттауы керек деп ойлаймын.

Ал, егер, сондай жобаны қолға алса, біздің 1-2 жылға алдын ала түсірілім жасауға мүмкіндігіміз бар. Өнер саласының бірнеше буын майталмандары жүр ғой ішінен тынып. Осы бір жанайқайымыз жоғарыдағы ағалардың құлағына жетіп, бағдарлама ашылса, оған осы саланың мамандарын тарту керек. Ең болмаса бір дәстүрлі әншіні, бір күйшіні міндетті түрде. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, киелі өнерге қатысы жоқ жүргізушілерге тізгін беруден абай болған жөн.

Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан Тәттімбет, Мәди, Әсет сынды алыптар кие тұтқан, Ақселеудей алыптар қастерлеген, Қайрат Байбосыновтай дүлдүлдер өмірін ұзартқан дәстүрлі өнерімізді, Арқа мектебін осылай насихаттап, ертеңгі ұрпаққа аманаттау – парыз.

Өйткені, дәстүрлі өнер қашан да елді патриоттыққа, азаматтыққа, тәрбиелеп келген. Тәрбиелей береді де…

Саян БӨДЕСОВ,

дәстүрлі әнші.

Басқа материалдар

Back to top button