Баған

Мәңгілік елдің мазмұны

Әлемде 5000-нан астам әр тілде сөйлейтін ұлттар мен ұлыстар бар. Соның тек 192-і ғана БҰҰ мүшесі. Бұл – бақ. Осындай бақ қазақ елінің басына орнады. Ата-бабамыздың 500 жылғы асыл арманы орындалды. Осы хабарды естігенде мен Ақтоғай ауданында қызмет атқарып жүр едім, құйқам шымырлап, жүрегім тулап кетті…

Егемендік оңайлықпен келген жоқ. Халқымыз бұл бақ үшін «жанын отқа да, суға да» салды. Табанынан ызғар, басынан күн өтті. Миллиондаған бала – әкеден, әке баладан айырылды. Ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргінді, азаптауды, әділетсіздік пен озбырлықты бастан өткізді. Елден айырылып, туған жерін тастап, жат жерге ауа көшті. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» ешқашан ұмытпаймыз. Ұрпақтан ұрпаққа айтып, естен шығармаймыз.

Қайран ата-бабам соның бәріне қалай ғана шыдады екен?! Оған қандай құдірет күш берді екен?! Оның қайнар көзі не екен?!

Адам төзбес қиындықтар мен азапқа төтеп берер күштің қайнар көзі – келешек ұрпақтың қамы! Міне, менің бабаларымның қасиеті – осында.

Қазақ басына үй тігіп, отау құрғаннан бастап, бар саналы ғұмырын келешек ұрпақтың қамымен өткерген. Оларға үлкен үміт артып, соған қызмет еткен. Ертеректе бір аңыз естіп едім. Сол есіме оралып отыр. Күндердің күнінде, жылдардың жылында бір әкеміз соңғы демі жақындаған күндері балаларын жинап алып, «менің күнім таянды, денемді бәлен деген жерге қойыңдар» дейді. Айтқан жері – жердің шеті болса керек. Балалары: «ойбай, әке, өлмеңіз, ал өле қалсаңыз осы төбенін басына қоямыз. Жаз – жайлауға, қыс қыстауға өткенде басыңызға хұран оқимыз» – дейді ғой. Әкелері көнбейді. «Жоқ, айтқан жерге қойыңдар» – деп болмайды. Балалары «неге?» – деп сұрайды. Сонда, жарықтық «ертең іргелес жұрт келіп, мына жер – менің жерім дегенде, «бұл жер – сенікі емес, біздің жер» – дейсіңдер. Олар сендерден «не дәлелің бар?» – деп сұрайды. Сонда сендер «осы жерде біздің әкеміз жатыр» – деп айтасыңдар, – деген екен. Көзінің тірісінде аттан түспей, бел жазбай, ұрпақ келешегіне қызмет етіп, өлгеннен кейін сүйегім тек жатпай, ұрпағыма қызмет етіп жатсын деп армандаған, шіркін, қасиетті қайран бабам!

Міне, бүгінгі қазаққа үлгі болар, келешекпен өмір сүрген қазақтың шүйкедей қара шалының ұстанымы! Арын айдан биік қойған, қайран бабам! «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген ұлы қағидаңнан айналдым!

Сұлтанмахмұттың арманы қандай еді?! «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам?!» деген. Оның осынау жыр жолдары әрбір лауазым иесінің жадында жүруі керек.

Ата-бабалар арманы орындалды, егемен ел болдық. Бұл бақытты көру бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиді. Білгенге бұл – теңдессіз бақ әрі теңдессіз сынақ.

Мәңгілік елдін мазмұны: дамыған экономика, бейбіт саясат, мақсатшыл жастар, білім мен ғылым, қазақ тілі, ұлттық салт-дәстүр, асыл дін, табиғи бауырмалдық, даламыздай кең көңіл. Рухани жаңғыру – халқымыздың асыл қасиеттерін бойға кайта сіңіріп, бұлжымас қағида ету.

Алдымызда – қалың іс. Бәрі де – кезектен тыс. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығарып, Көк байрақ мәңгі желбіреу үшін тас-түйін қызмет ету міндеті тұр.

Серік АЛПЫСОВ,

заңгер.

Басқа материалдар

Back to top button