Руханият

Тәуелсіздік тұғыры

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны –Тәуелсіздігімізді барша әлемге паш етіп тұрған ұлы факторлар. Кешегі Кеңес дәуірінде бас газеттердің басында тұратын «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранға, КСРО гимніндегі «Союз нерушимый республик свободных, сплотила навеки Великая Русь» деген жолдарға куә болған республикадағы аға буын өкілдері де, санасы сара, табиғаты таза қазіргі жас буын өкілдері де өз елінің мемлекеттік рәміздерін құрметтеп қана қоймай, болмысына сіңіріп қана қоймай, «тәубе» дей отырып, олармен мақтануы керек.

Адам өмірінде орын алып жататын азды-көпті оқиға, құбылыстардың өзіндік бір тарихы болатыны белгілі. Ол санаттан тәуелсіздігіміздің арқасында дүниеге келген рәміздеріміздің тарихына қатысты әңгімелерді шығарып тастауға болмайды. Қарап отырсақ, сондай әңгімелерде де белгілі бір дәрежеде кие дейміз бе, қасиет дейміз бе, әйтеуір, адамзат баласы әлі түйсініп бола қоймаған бір жұмбақ, тылсым сыр, құпия бар сияқты боп көрінеді де тұрады. Мемлекеттік Ту авторы Шәкен Ниязбеков осы міндетпен айналысып жүргенде, түсіне Бурабай көлінде жүзіп жүрген аққулардың кіргенін, кенет бір аққудың қанатына нанды қыстырып алып, ұша жөнелгенін, әлгі нанның күнге, күннің шаңыраққа айналғанын есіне алып, әңгімелесе, әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп апай «Менің Қазақстанымды» Жұмекеннің ХХ ғасырдың елуінші жылдарының орта тұсында жазғанын айтады. Ол кезде бір облысымызды оңтүстіктегі көршіге, солтүстік өңірді Ресейге беру мәселесі күн тәртібіне қойылған аса күрделі уақыт болатын. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың да әніне сөз іздеп, Жұмекенге өтініш айтқан кезі де сол кезең болса керек. Уақыт өте келе, тәуелсіздік рухына толы жолдар Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламынан туды да, егемен елдің әнұраны қазір әлемнің әр елінде шырқалуда. Жұмекеннің ол кезде Қарағандыда шахтер боп жүрген кезі екен, ел территориясының талауға түспек болған күрделі кезеңінде Ш.Қалдаяқовтың әніне жазылған «Менің Қазақстанымның» дүниеге келуінде, тәуелсіздік жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлының Ж.Нәжімеденовпен бірігіп, әнұран сөзінің авторлары болуында бір ерекше құбылыс жоқ дей аламыз ба?

Авторлары Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов болып табылатын мемлекеттік елтаңба да ішкі-сыртқы үйлесім, дизайны өз алдына, терең иірім, мән-мағынасымен дараланады дер едік.

Әлемдік деңгейдегі спорттық додаларда ел ұланы жеңімпаз болып, мерейің асқақтаған сәтте, мемлекеттік ту көтеріліп, әнұраны шырқалғанда тек өзіңнің ғана емес, тұтас еліңнің тұлабойы шымырлап, көпшілігінің көзіне жас келетін ерекше бір толқынысты, тебіреністі, қайталанбайтын мезетті немен түсіндіруге болады?!

Ол сәт шынайы бағамдасақ, жеңімпаз бен ел халқының ғана мерейі емес, тұтас елінің үкілі үмітін арқалап барып, халық аманатына әлем елдері серкелері мен көшбасшыларының көзін жеткізген Мемлекет басшысының сұңғыла саясатының айғағы. Ол сәт – тектілігі мен биіктігі, мәрттігі мен кеңдігі ешкімнен кем түспесе де, кезінде қалыптасқан қиын жағдай, ауыр ахуал нәтижесінде басқаға бодан болған халқымыздың тағдырына Тәңірінің ықыласы түскендігінің көрінісі. Ол сәт, қажет десеңіз, тұтас түркі дүниесі елдерінің қара шаңырағын ұстап қалған, айбыны жеті ғасырдай бұрын дүние жүзіне әйгілі болған Алтын Орданың мұрагері – мына біздің, яғни, қазақтың аузынан түспейтін «тәубесі» мен «қанағатынан», «шүкіршілігінен» туындайтын пайымының айшықты белгісі. Мақтаныш пен қуаныштан шыққан көз жасы. Ол – ата-бабалар рухына жасалған тағзым, Алланың рақымына деген разышылық.

Өткенге – салауат, бүгінгіге – тәубе болашаққа – кемел сенім!

Мемлекеттік рәміздер күні – ұлық мереке! Себебі, мемлекеттік рәміздер – ғасырлар бойғы халықтың арман-аңсарының, күдігі мен үмітінің тайталас сүргінінде соңғысының мерейі үстем болып, барша болмысының асқақтауы.

Себебі, мемлекеттік рәміздер – тұтас халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күрестегі тағдыры, тарихы, заңғар, мұзарт шыңдағы ұлттық рухы.

Себебі, мемлекеттік рәміздер – баршамыздың ұлттық мақтанышымыз, болмысымызға енген береке мен бірлікті, ұлтаралық татулық пен рухани келісімді берік ұстанған, сонысымен де әлемге танымал болып отырған сұңғыла саясатымыздың нәтижесі.

Мәуен ХАМЗИН,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button