АқтоғайРуханият

Ақтоғай – өнерімен өрісті өлке

Ақтоғай таланттарының бағына Алланың өзі өнердің киесін қондырып, ән мен жырды шашу қылып берген. Ұлы Даланың құнарлы әрі құйқалы өңірі болғанына ықылым заманда қашалған тас таңбалары мен бағандары куә. Қола дәуірі көсемдерінің мавзолейлері адамзат қолымен жасалған өркениеттің ошағы, алғашқы мемлекеттіліктің нышанына айналғанын айқындайды. Батырлары жанын қиып алтын бесік жерін қорғаса, ақындары тілімен тас жарып ұлттық болмысын сақтаған жердің әншілері сазды әуендерін бұлбұл құсқа тыңдатқан. Өңір азаматтары туған жұртын жерұйыққа теңесе, қариялары жердің киесіне, жастары елінің иесіне айналған. Ендеше, ән мен жыр қонған құт мекеннің өнер әлемін гүлдендірген талантты өнерпаздарына тоқталайық…

ӨНЕР КЕРУЕНІ

Арқаның ақиық ақыны Әсеттің асыл мұрасын сөзін бұзбай, әуенін өзгертпей Тұрған, Ғалия, Оралтай, Мәден, Зекен, Мейрам, Сұлтан, Шыныбек, Шаймұрат, Сәттар, Садық, Алтай, Саят, Бейбіттер өздерінен кейінгілерге аманаттағандар.

Ақтоғайдай алтын ұядан шыққан қазақтың даңқты жұлдызы Күләштің әлемді шарлап, ән құдіретіне табындырған бұлбұл үнін сол топырақта туған сіңлілері Гүлдана, Рымкеш, Дариға, Зина, Алтын, Еркеш, Шамшия, Сайра, Мақпал, Дана, Нұргүл, Бұлбұл, Әйгерімдер айнытпай жалғастырған. Бұлбұл үнді Күләштің қазақ даласын тербеген үні Ақсораңнан бастау алып, Қытайға жеткен. Сазгерлік сарыны ұшқан құс пен жүгірген аңды ұйқысынан оятқан деседі.

Арқаның арындаған әнші-сазгері, көмейден құйылған зор даусымен тау-тасты жаңғыртып, құралайды құндақтағы ұясынан өргізіп, қыран құсты ұясына қондырған дауылпаз Манарбектің мәнеріне еліктеген өнердегі өрендері Қуат, Қуанышбек, Қалтай, Болатбек, Бегендік, Дәурен, Қадыр, Сұңғат, Сәттарлар – Арман ағаның өзіне тартқан ізбасарлары.

Өнердің сайыпқыраны әрі сал-серісі болып, даусы жеті қат жер астын сілкіндіріп, өзі жер бетінде ұршықша айналып, сайыпқыран сиқыр жасап, ат жалында тік тұрып сырнайлатып «Аққайыңды» әнге қосқан Шашубайдың өнердегі текті болып туған тұяқтары Асылмұрат, Ғибрат, Аққыз, Беріктер болатын.

Қос ішектен он саусақпен өнердің өрмегін тоқып, сиқырлы саздың өрнегін салған, Ақметжанға еліктеп, Аққыз әжеден үйреніп, Сатанның ізін жалғаған, қазақтың қоңыр үнін күймен сөйлеткендер көп. Әлем классикаларын домбыраның шанағына сыйдырған, ғасыр күйшісі атанған әйгілі Мағауияның замандастары мен ізбасарлары Сәнеке, Әшембек, Шопыр, Сейдіғаппар, Күлмара, Ләззат, Сапа, Төлеуқадыр, Мұрат, Төкен, Дәнелия, Төлеубай, Кәрғалы, Шәйкен, Ерлан, Әлібек, Марғұлан мен Самал, Балжандар – Ақтоғайдың күй керуенінің қосынын дамытқандар. Қорқыт атаның қара қобызын сарқыт тұтып, даланың сазын бабаның үніне жалғап, ұрандай етіп аңыратқандар Шалғымбай мен Әшірбектің, Досымбек пен Мұқсинның, Шамши мен Есіркептің, Айдос пен Айгүлдің, Қырымкүл мен Аманжанның өнерлері – халық мұрасының қайнар көзі. Жан дүниелері ән мен күйден жаралған, өмірлері еңбек пен өнерден өрілген, сахнада жүз адамдық хор бастағанда үндері жартасты жаңғыртқан Сүндет Мұқтарбеков, Дәкуат Әбіжанов, Самыратбек Исабеков, Марат Елубаев, Өкен Кәрімханов, Сәкібай Ахметжанов, Болат Омашев, Базыл Аманжолов, Қуанышбай Адамбаев, Естай Қорабаев, Қабдолла Досмақов пен Қайролла, Кнашин Ахаттардың шартарапқа шарлаған дауыстары көрермендердің құлақтарына құрыштай болып құйылып қалған. Манарбектің өнер керуеніне қосыла жаздап, әкімгерлікпен ауылда қалып қойған әнші Хамиттің сауық көшін жалғаған Мәден Ноғайбеков, Сәмет Малғаждаров, Амантай Тойшыкенов, Бегендік Аханов, Қалтай Қырбасов, Жайлау Айтбаев, Алтай Жармағамбетов, Марлан Құлымжанов, Қайыр Абдрахманов, Нұрай Танабаев, Жоламан Жақыповтар сахнаның топ жарған саңлақтары болып, жұртшылықтың құрметі мен қошеметіне бөленген. Жазира даламыздың кеңдігіндей өте жоғары диапазонды табиғи дауыспен асқақтата шырқап салатын Мәркен Кенжебекова, Шәрбан Жақыпбекова, Қамажай Асанова, Сәлиман Алтынбекова, Рым Мұстақаева, Ғалия Сәтенова мен Отайдың, Айгүл Күлшікенова, Разия Салықбаева, Айгүл Аманбаевалардың әндерінен тыңдаушылар рухани ләззат алып, мақтан тұтатын. Күміс қоңыраудың сыңғырындай болып естілетін жанға жайлы майда қоңыр үндерімен сөз маржандарын көкейге құйып беретін көркемсөз шеберлері Раяна Жазбекова, Күліш Төлеуханова, Әлия Айтжанова, Алтын Жухина, Үмітжан Айымбетова, Мейрамкүл Әбеуова, Айгүл Түсіпбекова, Ғалия Сәкенова, Тамара Ульянова, Әния Қауланова, Панар Әбдіғұлова, Нұрлан Күлшікенов, Асылмұрат Аханов, Мадина Әшімбекова, Еркебұлан Мүбәрәк, Әсел Ноғаеваларды өз көрермендері сахна дикторлары деп бағалаған.

Өнердің алтын діңгегі атанатын сахнаның әлемдік құбылысына айналған театрдың Ақтоғайдан шыққан алыптары Ағдарбектің, Мұздыбектің, Зейнолланың, Қалима мен Кеңестің шығармашылық жемісті жолдарын жалғастырып, Ақтоғай халық театрының шаңырағын көтерген, уығын шанышқан, аймаққа атын шығарған Тұрған, Төлеу, Телман, Ерғалы, Рысбала, Қайыролла, Мәнкен, Клим, Әбікен, Ғадылша, Назия, Қадиша, Сайлау, Шапибай, Бектұрсын, Шойынбай, Амангелді, Базыл, Болат, Аманкүл, Бибігүл, Махмұт, Хамза, Қайролла, Қайырқұл, Аманолла, Нұрлан, Сердәлі, Бақыт, Төкен, Қарлығаш, Төлеуғазы, Ғалия, Әлия, Мариям, Жанат, Серікқалы, Рашид, Зәмзә, Саялар (т.б) жасындай жарқылдап, таң қалдырған болатын. Осылайша, бұл жерде жөргекте ән салып туған сарқылмас таланттың шоқжұлдыздары, өздерінің өнердегі дарынды көшбасшыларының іздерін жалғастырып, түп қазықтағы мұрагерлеріне айналған. Аспаннан Ақтоғайға ән нөсер болып жауғанда әрбір үйге бір-бір әншіден ғана емес, тұтастай отбасыларға өнер сыбағаларын жомарттықпен үйіп-төгіп бере салған.

Ата-аналары балаларымен әулет болып ән салып, күй тартып, өнердің ұйытқы ұясы болған. Сондықтан да, Ақтоғай өнерінің өскендігінің, тоқтаусыз өсе беретіндігінің айғағы ретінде жанұялық өнерпаздарын жұртшылық айрықша бағалады.

ЖАҢАРҒАН АУДАН МӘДЕНИЕТІ

1970 жылы шалғайдағы шағын Ақтоғай ауданы үшін жаңадан салынып пайдалануға берілген «Ақ Ордадай» болған Мәдениет үйінің ат шаптырымдай сахнасы мен өнер сүйер көрермендері үшін енді ән салып, күй тартып, пьесалар қойып келген көркемөнерпаздар ұжымдары ғана болу жетімсіздік таныта бастады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаров аудан мәдениеті мен өнерін жаңартып өркендетуді шұғыл талап етіп, күн тәртібіне қойды.

1944 жылғы Тұрған қойған «Есеп» деген бір перделі пьесадан бастау алып, 1961 жылы «Қаракөзбен» даңқы шыққан, 1970 жылы жаңа мәдениет үйінің сахнасын «Жаяу Мұсамен» ашқан драма үйірмесі өнер сайысына қызу дайындалып, соның нәтижесінде 1971 жылдың тамыз айында Бейімбет Майлиннің «Шұға» спектаклін республикалық қазылар алқасына көрсетті. Көп кешікпейақ осы жылдың қыркүйек айының 10 жұлдызында республикалық мәдениет министрі Мүсілім Базарбаевтың өзі қол қойған шешімін халық театры атағын алуды ұйымдастырушы Мәдениет Сәтеков сүйіншілеп хабарлаған болатын. Аудандық партия комитетінің идеологиялық саласына хатшы болып тағайындалған Дәркен Жұмағұлова аудан көркемөнерпаздары ұжымдарынан ән-би ансамблін құруды қолға алды.

«ТОҚЫРАУДЫҢ ТОЛҚЫНДАРЫ»

1972 жылы дарынды сазгер, әнші Ескендір Хасанғалиев пен ақын, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаев арнайы шақырылып, бір ай бойы ән мен күйдің әліппесін жетік білетін аудан өнерпаздарын дайындап, әйгілі «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің негізін қалаған болатын. Сол бір айдың ішінде Ескендір мен Бәкір «Бұл аудан өнердің тұнып тұрған дариясы екен, ал оның көркемдік жетекшісі Дәртай бұл өнер ұжымын берісі Одаққа, әрісі шет елдерге дейін танытатын тума талант иесі болса, мәдениет бөлімінің бастығы Бектұрсынның бойынан өнердің ұшқыны жалын атқалы тұр», – деп баға берген еді.

Бәкір мен Ескендір болашақ ансамблдің бірінші бөлімін әдеби-музыкалық тақырыптық композиция, екінші бөлімін жеке топ болып орындалатын әндерге арнап құрды. Осылайша әрбір концертті сюжеттік театрландырылған композициямен, патриоттық хорлар мен әндерге басымдық беру арқылы дайындау ансамбльдің өзгелерге ұқсамайтын өрнекті үлгісі мен арқаулы өзегіне айналды. Тұла бойы тұнып тұрған талант иесі Дәртай ансамбль бағдарламасына төрт дауыстағы хорлар мен екі-үш дауыстағы әншілер тобын енгізе бастады. Топ болып ән салу алғашқылардың бірі болып Тоқырауында туған болатын. Ансамбль халықтық атақ алу үшін республикалық телеарнадан көрсетіліп барып, жұртшылықтың қолдау пікірлерін жинаудың қажеттілігі туындағандықтан Жезқазған облыстық мәдениет басқармасының бастығы, жерлесіміз Қалкен Мәкенбаевтың тікелей араласуымен 1973 жылы Алматыға арнайы шақырылып, республикалық телеарнадан толық бағдарламасы көрсетілді. Өнер ұжымын астанаға бастап барған аудандық Советі атқару комитетінің төрағасының орынбасары Біләл Мәмбетқұловтың тапқыр ұйымдастырушылығының арқасында осы сапарда ансамбльдің өнерін Алматы облысының астанаға жақын аудандарына да көрсету мүмкіндігіне қол жеткізді. Көрермендердің қолдауы мен бағасы, алғысы мен ұсыныстары ұшаңтеңіз, үсті-үстіне беріле бастады. Соның нәтижесінде 1975 жылдың сәуір айының тағы да 10 жұлдызында «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамбліне «Халықтық» атағы беріліп, аудан халқын қуанышқа бөлеген осы өнер жетістігі мен жеңісінің тартуы үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрлігі Республиканың атынан Москвада өтетін Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған салтанатты мерекеде өнер көрсету жолдамасын қоса тапсырған болатын. Мәртебелі атақты қанжығаға мықтап олжалап алғаннан бастап, ансамбльдің композициялық бағдарламаларына тақырыптық сценарий жазу проблемаға айналған кезеңде әуелден бағы жанған өңірдің қаламгерлері Бағдат Омашев, Серік Ақсұңқарұлы, Үмітай Жармағамбетов, Қасым Орынбетов, Аманолла Шайбеков, Нұрлан Күлшікенов, Саят Тұяқбаевтар көрермендердің көз алдынан өтіп, талқысына түсетін аса маңызды міндетті мойындарына алып, тік көтеріп әкетті.

СЕГІЗ ҚЫЗ, СЕГІЗ ЖІГІТ

Өткен ғасырдың 80 жылдарында ұлттық көне аспаптарды сөйлету қызу қолға алынып, алғашқы болып «Сазген» атты фольклорлық ансамблінің құрылуы ақтоғайлықтарға да ой салды. Алматыдан өнер зерттеушісі профессор Болат Сарыбаевты қалап ауданға алып келіп, Болат Шамғанұлының жеке мұражайынан көзайым ретінде сұрап алған көне аспаптарды ойнаудың қыр-сырын үйреніп бағдарлама жасады. Соның нәтижесінде ансамбльге фольклорлық ансамбль деген жаңа атақ қосылды. Ендігі мақсат ақыры ұлттық тақырыпқа бетбұрыс жасалғандықтан этнографиялық бағыттағы нұсқаларды енгізу болды. Сегіз қыз, сегіз жігіттен тұратын домбырашы әншілер тобын үйретіп шығарған Дәкең осы халық әндеріне ұлттық нақыштағы би қойғызу үшін атақты биші Шара Жиенқұлова мен білікті балетмейстер Рабиль Сүлейменовті шақыртып, «Бәйге», «Шашу», «Қаражорға (қасқыр биі)», «Молдабай», «Киіз басу», «Қыз қуу», «Жар-жар», «Үкілім-ай» сияқты әнмен орындалатын этно үлгідегі композициялық билерді қойғызып, ансамбльге этнографиялық бағдарламалар жасап, ансамбльдің толықтай атауын «Тоқырауын толқындары» фольклорлықэтнографиялық ансамблі» деп атауды ұсынды. Өнер ұжымы осы сәттен бастап жаңаша атала бастады. 1984 жылдың сәуір айында Венгрияда өтетін КСРО-ның Мәдениет күндеріне қатысу мақсатымен республика бойынша берілетін жалғыз жолдама үшін Семей облысы, Абай ауданының даңқы жер жарған «Қаламқас» ансамблімен таласқа түсіп, дәл осы фольклорлық-этнографиялық бағыттағы жаңа бағдарламаның артықшылығының арқасында жеңіп алған болатын. Москваны қазақ өнерінің кәусар бұлағынан сусындатқан «Тоқырауын толқындары» ансамблі енді Европаның жер-ұйығы атанған Венгрияда ән мен күйден шашу шашып, Дешті қыпшақ ұрпақтарына сазды әуендер мен мың бұралған ұлттық билерден сәлем жолдады. Осы сапардағы КСРО-ның Венгриядағы мәдениеті мен өнері күндерінде көрсеткен бағдарламаларының жетістігі, шетелдік көрермендердің қошеметі мен аса талантты ғалымы түріктанушы профессор Иштван Қоңыр Мандокидің берген бағасы сол жылдың күзінде Алматыда өткен дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің 90 жылдық мерекесіне арнап Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында астананың талғампаз көрермендері мен зиялы қауым өкілдеріне өнер көрсету мәртебесіне қол жеткізді. Бір жылда Будапешт пен Алматы сынды екі астанада бірдей бағын сынап, көрермендердің қошеметіне бөлену ауданымыздың мәдениеті мен өнерінің өркендеп таныла түсуіне айтарлықтай үлес қосты.

АҚТОҒАЙ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫ

1987 жылы Көкшетау қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан халық театрларының «Достық дәнекері» атты фестиваліне Ақтоғай халық театры драматург Б.Тәжібаевтың «Сал Сары мен қыз Қосан» атты спектаклімен қатысып жүлделі екінші орынды алуы аудан өнерінің биік жетістікке көтерілуінің жемісі болды. Ансамбль мен театрдың өнер додаларында жеңістерге бірге жетіп, жұптасып бәйге алулары тумысынан табиғат берген таланттарын ансамбльге де, театрға да бірдей арнаған Ғ.Сәтенова, Р.Мұстақаева, А.Күржібаев, М.Тәжібаев, Қ.Малыбаева, Т.Ахметова, А.Аманбаева, Б.Қасымжановтардың шырқап салған сазды әуендерінің, сомдаған тамаша бейнелерінің жемісі ретінде бағаланған. Таланттың шоқ жұлдыздары шоғырланған Қожамбаевтардың әулетінде «Рауан» атты жанұялық ансамбльдің құрылып, көрермендер алдында тұсауының кесіліп, өнер кеңістігіне жол тартуы берісі облыс, әрісі республика көлеміндегі жаңалыққа айналды. Бұл Игілік Сәдуақасовтардың, Күржібаевтардың жанұялық өнерпаз ұжымдарының тамаша тартымды бағдарламаларымен жалғасын тапты. Ансамбльдің ұлттық өнердің нағыз інжумаржаны болып толысқан шағында, яғни, 1988 жылы Одақтас Украина елінде өтетін Қазақстан өнері мен мәдениетінің онкүндігіне ресми түрде Республиканың атынан шақырылып өнер көрсетуі абырой-даңқын одан сайын биіктете түскені.

1970 жылдардан басталып аудан сахнасының сәніне айналған Қуат Исақанов пен Риза Мұқановалардың жұптасып билеген «Куба» биінен бастау алып, «Балбырауын» деп аталған бишілер тобының маман биші М.Мұқатаева, балетмейстрлер, Р.Сүлейменов, Д.Әбіров, З.Райбаев, Ш.Жиенқұловалардың әр жылдарда жаңа бағдарламалармен дайындауының арқасында репертуары 40-тан астам әр түрлі жанрдағы биге жетіп, Республика Мәдениет министрлігінің шешімімен халықтық би ұжымы мәртебесін алуы аудан өнерін тағы бір сатыға көтерді. Қоңырат кеңшарындағы «Сарыарқа» мәдени кешенінің жанынан құрылған «Сарыжайлау» ұлт-аспаптар оркестрінің 1974 жылдан бергі мазмұнды бағдарламаларының нәтижесінде «Халықтық ұлт-аспаптар оркестрі» атағын алуы мен Қаратал кеңшары мәдениет үйі жанындағы «Шалқар» мәдени үгіт бригадасына «Халық театры» атағының берілуі Ақтоғай ауданын республикадағы 5 бірдей халықтық ұжымы бар өнері өркендеген аудан деген лауазымды өлшеммен бағалаттырды. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары ансамбліміздің бұрынғы жетістіктері мен данқы жаңа мазмұндағы өнер сапарларына жол ашып берді. Ансамбль Алматы қаласында 1992 жылы өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайында, 1993 жылы Қазақстан халықтары форумында, 1996 жылы өткен Жезқазған облысының мәдениеті мен өнер күндерінде ең таңдаулы, өрелі сахнасы бар республика сарайы мен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайларында өнер көрсету мәртебесіне ие болды. Ал аудан көркемөнерпаздарының зейнеткерлер ардагерлерін ұйымдастыру арқылы Тәбәрік Жармағанбетовтың бастамасымен, Тұрғанбек Түсіпбаевтың жетекшілігімен 1998 жылы «Ардагерлер» ансамблі құрылып, өнердің жаңаша соқпағы болып басталып, бүгінде іргелі ұжымға айналып отырғандығы өз алдына бір жетістік. «Тоқырауын толқындары» ансамблінен үлгі алған ізбасарлары аудандық кәсіптік-техникалық училище шәкірттерінен 1994 жылы аудан өнерінің талантты ардагері Қуат Қожамбаевтың жетекшілігімен «Тоқырауын түлектері» деген өнер ұжымы құрылып, «Абай жолы» атты республикалық байқауда жарысқа түсіп, бас жүлденің жеңімпазы болып, шетелге жолдама алып, 1995 жылы Үндістан астанасы Делиде өткен «Балалар-бейбітшілік тұтқасы» атты дүниежүзілік фестивальде өнер көрсетсе, аудандық өнер мектебінің «Жас толқын» ансамблі Марғұлан Сейсенбековтің жетекшілігімен 2011 жылы Түркі елінің Адана қаласында өткен «Апельсин» атты өнер фестивалінде балауса оркестрдің бағын ашып, «Тоқырауын ансамблінің» даңқты жолын жалғастырған болатын. Сондай-ақ «Тоқырауын толқындарының» жекелеген өнерпаздары Қуат пен Қабжан Исландияда, Маржан Франция мен Қытайда, Әсет пен Күләш аға-апаларына ұқсап ән салса, Әніз Солтүстік Кореяда Шара апасынан үйренген ұлттық билерді билеген.

ДОСТЫҚ КӨПІРІ

Атына заты сай, өзегін өмірден алған, өнері ұлт мұрасынан дарыған халықтық өнер ұжымының алдына қара салмай топтан озған тағы бір толағай табыстары 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесер салтанаты мен 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің Қарағанды қаласында аталып өткен рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының алдында Амантай Жұмашев дайындаған бағдарламалармен ән шырқап, Елбасының алғысын алуы – аудан тарихына абырой болып енген рухани естеліктің бірі.

2003 жылы «Тоқырауын толқыны» ансамблінің Ресейдегі Қазақстан жылын мерекелеуге шақырылуы – Қорған қаласында ұлттық өнер мен салт-дәстүрлерді көрсетудегі тамаша жетістіктері көршілес екі ел арасындағы достық көпіріндей болды. Алматының өнер жұлдыздарының ортасында Ақтоғайдың алауын жаққан Гүлдана Сапарғалиева, Рымкеш Жұмаділова, Саламат Қазақбаевтарды, Астана өнерінің биік тұғырына көтеріліп, көш бастап жүрген Амантай Жұмашев, Бағдат Қожамбаев пен Нұрай Танабаевтарды, театр мен киноның ақтаңгер актері Кеңес Нұрлановты және дәстүрлі әнші, өнер зерттеушісі Дәуренбек Әркеновті туған жердің талант дарыған дара перзенттері ретінде мақтан етеді.

Тұңғышбай МҰҚАН, өлкетанушы,

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button