БілімЖаңалықтар

ҰБТ-да өзгерістер бар

Мектеп түлектері үшін биылғы оқу жылы тосынсыйға толы болды. Елдегі ахуалға қатысты оқу жылындағы бірқатар өзгерістер әлі де жалғастығын көрсетті. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ ҰБТ жүйесіндегі өзгерістер туралы мәлімдеді. Биыл педагог мамандығына үміткер түлектерге шекті балл көтерілді.

«ҰБТ белгіленген мерзімде, яғни, 25 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пунктте өткізіледі. ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдықты да енгіздік. Атап айтқанда, ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін тану Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жылда беріліп келген қағаз сертификаттың орнына ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезіндегі электронды куәлікті енгіздік», – деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, халықаралық тестілердің балдарын ҰБТ ұпайына аудару шкаласы енгізілген. Сондықтан, мұндай халықаралық сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-дан босатылады және білім беру грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан балдары арқылы қатысады.

«Академиялық кезең аяқталғанға дейін қабылданған ҰБТ шекті балын жинамаған тұлғалар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие. Педагогика мамандықтарына түсу үшін талап күшейтілуде. Бұл туралы Президенттің тапсырмасы да бар. Мәселен, педагог болу үшін шекті балл алдыңғы жылы 50- ден 60-қа көтерсек, биыл оны 70 балға дейін көтеріп отырмыз», – деді Асхат Аймағамбетов.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button