Осакаров

Өркенді аудандағы өрелі істер

Ауыл шаруашылығы өркен жайып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келе жатқан Осакаров ауданында тілге тиек етер толымды істер жетерлік. Сан сала бойынша сапалы істердің көзайымына айналған мекеннің экономикалық көрсеткіштері туралы аудан әкімі Нұркен КОБЖАНОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Биыл облыс бойынша кәсіпкерлікті қолдауға жете назар аударылып, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі болып отыр. Сондықтан, аталған салаға басымдық берілуде. Ішкі өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы саланың үлесінде екені айтпаса да түсінікті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік тауарлар мен қызметтерді көбейту арқылы қоғамдағы тұрақтылықтың басты негізі болып есептелетін орта тап өкілдерін қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер жасалмақ. Осы жылы аудан экономикасы 8,2 пайызға өскендігін Нұркен Кобжанов баспасөз мәслихаты барысында жеткізді.

– Биыл Осакаров ауданы экономикасы 46 млрд. 631 млн. теңгені құрап отыр. Негізгі капиталға құйылған инвестиция – 4 млрд. 889 млн. теңге. Жолға қойылған жобалар да бар. Мәселен, «Евразия Инвест ЛТД» ЖШС құрғақ бие сүтін өндіру жобасы. Сонымен қатар, екі жоба жүзеге асыру үстінде. Әкті өндіру Қаратомар ауылдық округінде «Saryopan Operating» ЖШС жобаның бастамашысы болып отыр. Бұл жоба – 300 мың тонна әктас өндіруге қауқарлы. Құны 20 млрд. теңге тұратын жобаны 2020 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бізге осы орайда шағын және орта кәсіпкерлік оң әсер етері сөзсіз. «Бизнестің Жол Картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылдың 9 айында 4 жоба мақұлданды. Жобаның құны – 274 млн. теңге. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Ауданымызда бірқатар шаруа қожалықтары дәнді-дақылдарды тазарту, құрғату және сақтау бойынша кешенді жұмыс атақаруда, – деді Осакаров ауданының әкімі Нұркен Кобжанов.

Биылғы жылы облыс алқаптарында алғаш рет дәл егіншілік технологиясы жүзеге асырылды. Цифрландыру әдістері «Найдоровское» ЖШС-де қолданылады. Бұл тәсіл өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай жоғарылатпастан өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік беріп отырған жайы бар. 550 гектар жерге австриялық «Дурум» сұрыпты бидай тұқымы егілген. Сондай-ақ, алқаптарда жердің температурасы мен ылғалдылығын көрсететін метеостанциялар орнатылған. Осының арқасында бір гектар жерден 50 центнер өнім жинау жолға қойылған.

Сонымен қатар, аудан басшысы «Ясная поляна» ЖШС дәнді-дақылдарды тазарту, кептіру және сақтау кешенінде жұмыстың жүзеге асырылғандығын сөз етті. Мұнда неміс технологиясы мен құрылғылары пайдаланылады. Ауа-тор сепараторының өнімділігі сағатына 60 тоннаны құрайды.

Сонымен қоса, аудан басшысы ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, сол елді мекенде кәсіп етемін деген ниетті азаматтарға құжаттық көмек көрсетіп, кәсібіне қажетті қаражатқа тиісті заңдылығына сәйкес кедергісіз қол жеткізуіне ықпал жасап отырғандығын жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button