Қала дамуы — ырғақты

Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ жұмыс сапарымен Шахтинск қаласына барды. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарға арнайы барып, қала активінің жиналысын өткізді.

ЖАЛАҚЫ КӨТЕРІЛЕДІ

Шахтинск қаласындағы төрт кәсіпорын жетекшісі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. Бұлардың қатарында Ерлан Қошанов барған «КарТрансУголь» ЖШС да бар. Облыс әкімі серіктестіктің көмір сақтау тұйығының жұмысымен танысты.

Мұнда көмір үгітіліп, сатылымға жіберіледі. Кәсіпорындағы ең төменгі жалақы көлемі – 65 000 теңге. Бұл – күзетшілердің алатын айлығы. Көмірді үгітіп, жүктейтін жұмыскерлер орта есеппен 100 000 теңгеден алады.

– 1 қаңтардан бастап біз барлық қызметкерлеріміздің жалақысын 43%- ға өсіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда бізде 12 адам жұмыс істейді. Алайда, біз штатты 20 адамға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді кәсіпорын директоры Александр Дьяченко.

Қызметкерлердің санын ұлғайтуды компания кеңеюге байланысты жоспарлауда. Мұнда байыту фабрикасын салу және қоймадағы көмір көлемін жоғарылату көзделіп отыр. Қазір халыққа сатылатын қорда 400 тонна кузнецкілік көмір, 200 тонна шұбаркөлдік көмір және сонша көлемде екібастұздық «Богатырь» разрезінің көмірі бар.

Сондай-ақ, Ерлан Қошанов шұжық өнімдерін өндіретін «АпрельҚұлагер» ЖШС зауытында да болып қайтты. Мұнда шұжықтың бірнеше түрі өндіріледі. Кәсіпорында ірі қара мал мен шошқа соятын цех бар. Зауыттың максималды қуаты – тәулігіне 5 тонна шұжық өнімдерін құрайды.

Директордың міндетін атқарушы Галина Китанованың айтуынша, кәсіпорын қызметкерлері айына орта есеппен 120 000 теңге алады екен. Жаңа жылдан бастап олардың жалақысы 20%-ға ұлғайтылады.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Матюхин» ЖК құрылыс материалдары кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мұнда қабырғаларды жылытатын пенопласттар сығымдалады. – Шағын несиелендірудің арқасында мен өз кәсібімді кеңейтудемін. Шикізат тасымалдайтын алты жүк көлігін сатып алдым. Шикізатты Ресейден делдалдарсыз, баж салығынсыз тасымалдаймын. Соның арқасында барлық процесті қарапайымдатып, дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге болады, – деді фирма директоры Сергей Матюхин.

Кәсіпорында 20-30 қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығына келесі жылдың басынан жалақы көлемі 20%-ға ұлғайтылады.

Ерлан Қошанов «Азимов» ЖК жылыжайында да болды. Мұнда 100 шаршы метр аумақта қияр өсіріледі. Жылына бес тоннадан екі рет өнім жиналады. Келесі жылы кәсіпорын иесі өндірісті ұлғайтып, тағы төрт жылыжай салуды жоспарлап отыр. Онда қызанақ пен басқа да көкөністер өсірілетін болады.

«Азимов» ЖК жылыжайлары – отбасылық бизнес. Мұнда тек бір ғана жалдамалы жұмыскер бар. Дегенмен, келесі жылдың басында оның жалақысы өсіріледі.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде минималды жалақы көлемін өсіру туралы тапсырманы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 5 қазанында берген болатын.

ЗАМАНАУИ БАЛАБАҚША ТҰРҒЫЗЫЛАДЫ

Шахтинскіде балабақшаға кезекті толығымен жою жоспарланып отыр. Ол үшін келесі жылы мұнда 320 орынға шақталған фин технологиясы бойынша балабақша салынады.

 – Біздің қаламызда сегіз балабақша қызмет етеді. Олардың әрқайсысында 1-ден 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған ерте дамыту топтары бар. Сондай-ақ, жекеменшік «Капуста» сәбилер балабақшасы жұмыс істейді. Бір жастан үш жасқа дейінгі 300 бала кезекте тұр.

Біз оны келесі жылы жабамыз. 320 орындық балабақша салуға дайын инвестор табылды, – деді Шахтинск қаласының білім бөлімі жетекшісі Николай Онсович.

Жаңа ғимарат қабырғалық панельдерден фин технологиясы бойынша салынады. Соның арқасында балабақша небары жарты жылда салынып бітуі тиіс. Мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Жергілікті бюджеттен әр балаға 26 мың теңге бөлінеді. Ата-аналар болса айына 11 мың теңге төлейді. Бүгінде барлық құжаттар дайындалып қойған.

– Біз МЖӘ бағдарламасы бойынша жұмысымыздың басталуын күтудеміз. Әзірге, ата-аналар үшін төлемақы мөлшері жоғары – күніне 1300 теңге. Бірақ, балалар кішкентай болғандықтан, олар бейімделу кезінде өте жиі ауырады. Сондықтан, айына 30 мың теңгенің орнына біз бір баладан 13-15 мың теңге аламыз. Сондықтан, әзірге, біздің сәбилер балабақшасы «минусқа» өтіп кетті деуге болады, – деді «Капуста» сәбилер балабақшасының директоры Елизавета Уманцева.

Шахтинск облыс бойынша 1-3 жас аралығындағы сәбилердің балабақшаға кезегін толығымен жабатын алғашқы қала атанбақ.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасының арқасында балабақшаларға балаларды 1 жастан 6 жасқа дейін беруге болатын ереже теңестірілді. Бұл бағдарлама бойынша жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі мекемелерде айына бір балаға 26 мың теңге мемлекеттік тапсырыс орналастырады. Ата-аналар айына тек 11 мың теңге төлейді.

ҚАЛАДА ДӘРІГЕР ТАПШЫ

Қала активімен өткен жиында тұрғындар аймақ басшысына дәрігерлер тапшылығына қатысты шағымдарын жеткізді. Олардың айтуынша, қалада уролог, невропатолог, неонатолог, нейрохирург, эндокринолог мамандар жетіспейді.

Облыс әкімі жергілікті халыққа бұл проблеманың қазір шешіліп жатқанын айтты.

 – Шахтинск әкімдігінің бастамасымен бізге бір үйдің 32 пәтері балансқа берілді. Біз оларды жөндейміз де, барлық жиһаздарымен және қажетті тұрмыстық техникасымен бірге тапсырамыз. Қазіргі таңда бұл пәтерлерге қоныстанатын және Шахтинскідегі медициналық мекемелерде жұмыс істейтін жас дәрігерлермен келісімшарттарға қол қойылған, – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев

Аймақ басшысы қала басшылығына шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырды. Оның айтуынша, қалада кәсіпкерлікке арналған тетіктер жетіп-артылады. Ерекше назарды ол мәдениет және спорт саласына аударды. Кинотетарлар, шығармашылық студиялар, спорттық ойындар мен медициналық клиникалар жұмысына көңіл бөлді. Сондай-ақ, Ерлан Қошанов «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несиелеу мәселесін көтерді. Ол жас бизнесмендерді мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы көбірек ақпараттандыру керектігін атап айтты. Банк өкілдері болса, өз кезегінде заңнамаларда өзгерістерді күтетіндерін жеткізді. Соның арқасында тек стартаперлерде ғана емес, іс жүргізіп жатқан бизнесмендердің де несие алуға мүмкіндіктері болады. Сондай-ақ, Шахтинскіде жақын уақытта үш үлгілі мектеп стадиондары пайда болады. Олардың барлығы ең көп оқушылары бар оқу орындарының жанынан салынады. Стадиондарда хоккей, футбол және баскетбол алаңдары қарастырылады. Үш жобаны жүзеге асыруға 150 млн. теңге қажет. Жобалық-сметалық құжаттар дайын.

Бұған қоса, Шахтинск білім бөлімінің жетекшісі Николай Онсовичтің айтуынша, қалада еліміз бойынша жалғыз оқу-өндірістік комбинат базасында 300 орынға арналған автокартинг салынатын болады. «Осылайша, жасөспірімдерде қазіргі заманға қызықты спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады», – дейді Николай Онсович. Аймақ басшысынан ол бұл жобаны жүзеге асыруға көмек сұрады. Өз кезегінде Ерлан Жақанұлы ерекше жобаның іске асырылуына жәрдемдесуге уәде берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпараты негізінде әзірлеген Нұрқанат ҚАНАФИН.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.