Жаңалықтар

Алыптар арасы

Абайдың тетелес інісі, өлеңжырдың өрен жүйрігі Жамбыл Жабаевтың 1940 жылы жазған шағын арнау өлеңі бар. Үш шумақтан ғана тұратын бұл туынды “Абайдың суретіне” деп аталады.

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Өр Абайдың төтеген кім бетіне?

Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,

Өлеңменен өлмейтін салған нұсқа.

Арғын, Найман сөзіне таңырқаған

Қандай арман бар дейсің бұл туыста!

Терең ойдың түбінде теңізі бар,

Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар.

Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..

Қысқа өлеңнің қызуы басым. Абайдың суретіне қарап тұрған Жамбыл ақын өлең-сөздің құдіретін асқақтатқан хакімге қайран қалып, оның өр тұлғасының алдында өзінің әлі де шәкірт екенін мойындайды. Ақыл, қайрат, білімді таразыға тең тартқан ұстаздың өлең өлкесіндегі өлмес ескерткішін айта келіп, Абай замандасының танымалдығына тағы да тамсана түседі. Теңіздің түбіндегі терең ойды тесіле қараған адам ғана көреді. Сол мөп-мөлдір маржанды көп оқыған адам ғана ала алады. «Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..» деп Абаймен қоса қынжылады.

Шағын да шымыр шығармада Абайға деген құрмет тұнып тұр. Бұл арнаудан ұлы ақынның классикалық өлеңдері мен әндерін, қара сөздері мен аудармаларын жоғары бағалаған адамның жан лебізін, көңіл толқынысын көреміз.

Өлеңнің жазылған мерзімі – 1940 жыл. Тарихқа тарғыл таңбасын салған екінші дүниежүзілік соғыстың алдындағы бұл кезең қазақ руханияты үшін өте ауыр уақыт еді. Сонау 1920 жылдардан басталған “кеңестік қызыл машина” қазақ халқының мәйегін құртып, қаймағын қалқып алған тұс. Тоталитарлық жүйенің тоғышарлары, білімсіз большевиктер, пайымсыз – парықсыз пенделер тірілер түгілі, марқұмдардың да мазасын алып жатқан мезгіл еді. Ұлтымыздың ұлы ақыны, ірі ойшыл, хакім Абайды “үстем тап өкілі, феодал, байшыл” деп қаралап жатқанда, 1930 жылдардың сұм саясатымен әулие Құнанбайдың әулетін әурелеп, текті тұқымның тоз-тозын шығарған шырғалаң кез еді ғой. Кеңес әдебиетінде “социалистік реализмнің” дәуірлеп тұрған уақытында Абайға арнап мұндай өлең жазу – 94 жастағы қарт Жамбылдың үлкен ерлігі екендігі даусыз.

Студент кезімнен Абай мен Жамбыл жайлы бір дерек есімде қалып қойыпты. Жамбыл Жабаевтың қартайған шағы екен. Бірде қазақ әдебиетінің классиктері арасында Абайдың шығармашылығы жайлы әңгіме қозғалады. Олар қазақ жазба әдебиетінің негізін салған Абайды мейлінше мақтап, өз ойларын ортаға салып отырғанда, араларында Жәкең ғана сабыр сақтап, үнсіз қалады. Бірі: «Жәке, Абайға деген сіздің көзқарасыңыз қалай?» деп қалады. Жамбыл әлгі адамға бұрылып: «Ее, Абай ма, ол – ақын емес қой…» деп қойып қалады. Оны естіген бәрінің бастары салбырап, іштерінен: “мына шал құртты-ау” деген ойға қалады. Сәл үнсіздік орнайды. Жәкең жан-жағына қарап: «Абай – ақын емес, – дейді тағы қайталап, – Ол – поэзия пайғамбары ғой!» – депті жанарынан жалын шаша. Осы сәтте отырғандар “ух” деп дем алып, ду қол шапалақтап, бір жасап қалған екен.

Бұл – Абай мен Жамбылдың, яғни, екі алыптың арасындағы сыйластықтың, қимастықтың бір қасиетті құсы секілді кішкене ғана деталь, шағын штрих қана болуы мүмкін. Әңгіменің реті үшін айтылды.

Шын мәнінде, жырау Жамбылдың ұлы Абайға арнаған бір ғана өлеңінің өзі үлкен ойларға жетелейді. Жамбыл Абайдың суретіне үңіле отырып, оның ұлылығын таныған.

Ендеше, Абайдың құдіретті әлемін, феноменін түсіну үшін хакімнің шығармаларын бірнеше рет оқып шығу жеткіліксіз. Сонымен қатар, Абайға, оның айналасына арналған туындыларға да зер салып, ой түйген абзал.

Әлімжан ЖАҚАН,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button