Баған

Уақыт үндеген міндет

Адамзат баласы жүріп өткен жолға үңіліп, сараптап, талдау жасау өз алдына, қазір өткенге – салауат, бүгінге тәубе дей отырып, болашаққа үмітпен қарау үшін нақты ой, идеялардың болуы – аса маңызды қажеттілік. Қисынды ой, салмақты ұсыныс өмірден, ондағы өзің әбден көз жеткізген жайттардан туындайды. Онда да жалқының ғана емес, жалпының ойынан туындаса…

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім мен ғылым, руханиятқа қатысты ұстанымы, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың жуырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сөзі УАҚЫТ – ҚОҒАМ – САНА үштағаны аясындағы саяси, экономикалық, рухани жаңғыру қажеттілігімен қатар, әр басшының, әр қазақстандықтың заманауи кезеңдегі міндеттерін де айқындап беріп тұр. Өте жедел әрі жүрдек уақыт ақпарат ағынымен ғана емес, қазіргі жаһандану кезеңіндегі түрлі жаңалықтарымен де ерекшеленеді. Іргесі бұрын қаланған болса да, қазіргі маңызды мәселенің бірі – қашықтықтан оқыту технологиясы. Осы орайда, келер шақта бұл әдіс маңызды бағытқа айналатындықтан, өңіріміздегі барлық деңгейдегі оқу орындарын қамтитын біртұтас, үйлестіруші әлеуметтік-психологиялық бейімдеу орталығы құрылуы қажет деп есептейміз.

Келесі жылы Тіл комитеті Мәдениет және спорт министрлігі құзырынан шығарылып, Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беріледі. Тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма енді мемлекеттік тілді дамыту басқармасы деп аталса, көңілге қонымды болар еді.

Үңіле ден қойсақ, түрлі өзгерістер мен жаңғыртулар білім саласына аса қажет. Жаңа мамандықтарды өмірдің өзі талап ететін түрі бар. Ендеше, біздің аймаққа жаңаша, тың тұрпаттағы педагогтік жоғары оқу орны қажет-ақ дегенді баса айтқымыз келеді. Егер, безбенге салып, әбден өлшеп, жан-жақты саралау жүргізілсе, бұл ойымыздың өміршеңдігі даралана түсер еді.

Білім – үзілмейтін үдеріс. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» еңбегіндегі, ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасындағы, Шәкәрімнің ар тазалығындағы тұлға болмысы үздіксіз білім алудың нәтижесінде ғана танымалдылыққа жеткен. Түрлі жаңалыққа, күтпеген өзгеріске толы мына дүбірлі заманда білім саласында да күрделі жағдайлар туындауы әбден ықтимал. Әлемдік деңгейде бәсекелестікке қабілетті кадрлар әзірлеу, нарық жағдайындағы тың мамандықтар мен оларды меңгерген мамандар керектігі – уақыттың өзі үндеген талап.

Адамзат баласы ғұмыр кешетін алып кеңістікте ұлттық менталитетті сақтай отырып, ұлы көш-керуендегі білімнің ең үздік те озат технологиясынан көз жазып қалмау – басты бағдар. Осы тұрғыда білімді ғылым және елжандылықпен кешенді түрде ұштастыру – қазіргі замандағы педагогтік білім берумен айналысатын жоғары оқу орнының бірегей міндеті болса керек.

Ал, қоғам сұранысы мен уақыттың өзі алға тартқан міндеттің үдесінен шыға білу – ертеңіне селкеусіз сеніммен қарайтын елдің қастерлі парызы. Қай тұрғыдан қарасақ та, парыздың қажетті деңгейде және дер шағында өтелуі – елдік мұраттың өлшемі.

Құралбай МЕҢЛІБАЕВ,

«Bolashaq» академиясының ректоры, профессор

Басқа материалдар

Back to top button