Жаңалықтар

Үрей тудыратын туындылар

Естеріңізде ме Ф. Достоевскийдің «Нақұрысында» князь Мышкин бірде арқа-жарқа араласатын досы, бірде жеккөретін дұшпанына айналатын Рогожиннің үйінен бір суретті көріп, қатты үрейленуші еді ғой. Міне, дәл солайша одан өзге де көркем туындылар адам бойына қорқыныш үйіреді екен. Тіпті олардың арасында, адамның өмірлік күш-қуатын тартып алатын суреттер де бар көрінеді. Мысалы, Леонардо да Винчидің Мона Лизасы жай жымиып отырып, талай жанның жүрегіне салмақ түсіре алады.



Стендальді абдыратқан «құпиялы сұлу»

Лувр мұражайында тұрған Мона Ли­за­ның жұмбақ көздері көпшілікті ойлан­дырары хақ. Оның көздерінің тұңғиы­ғында бір сыр бардай. Мұражай қыз­­мет­керлері Джаконданың көзінен көз ал­май қараған талай жанның ес-түсінен айырылғанын көрген. Неге екені белгісіз, бұл суретке ұзақ қараған адамдарда ру­ха­ни әлсіздік байқалады. Тіпті кейде мұ­ражайға келушілер ұзақ қарап тұрып, қо­лындағы затын Джаконданың бетіне ашумен лақтырып кеп қалады екен. Француз жазушысы Стендальді де «құ­пиялы сұлу» біраз абдыратқан. Суреттен шыққан жағымсыз әсерді сезген жазу­шы­ның буындары әлсіреп, біраз әбігерге түсіпті.
Джакондаға кейбіреулер «жауһар» деп қараса, бұл туынды екінші біреулердің ашу-ызасын келтіреді. 1958 жылы бір тұрғын Мона Лизаға химиялық қышқыл қоспасын шашпақ болған. Бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе шықпапты. Десе де оның қолынан келмегенді басқа жан іске асырған. Ол суретке бар пәрменімен тас лақтырып, нәтижесінде сурет бетіне сызат түскен. Мұндай оқиғалар қайталана берген соң, мұражай басшылығы оны берік шыныға салып қоятын болған. Жұрттың мұндай қылық танытуы бекер болмаса керек. Мұражай қызметкерлері суреттің адам көзінен таса жерде түсі бозаратынын байқаған. Ал көрме төріне орналасқан соң, сол баяғы бояуы қанық туындыға айналады екен. Парапсихо­лог­тардың пікірінше, шебердің осы суреті адамның күш-қуатымен «өмір сүреді». Адам бойының жылуымен «беті жылтырап жүрген» туынды солайша жұрттың көзін тартады.
Деректерге сенсек, суретші өзінің қал­ған ғұмырын осы Джаконданың сұ­лу­лығын беруге жұмсаған. Үнемі жанынан тастамай алып жүрген туындыға шебер үнемі өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырыпты. Сөйтіп жүргенде шебердің күш-қуаты сарқылған. Біреулер «бұған себеп болған Мона Лиза» деген ойда. Бұлайша қоңыржай отырып, қорқытатын туындылар әлемде аз емес көрінеді.

Суреттерге тіл бітсе…

Негізі, әрбір суретші өзінің туынды­сына өзіндік өрнектерімен әсемдік сый­лайды. Табиғатты кескіндесе, оның тама­шасын көрсетуге талпынады. Ал қандай да бір тұлғаны салса, оның сыртқы піші­німен бірге жан дүниесі айнадағыдай анық көрініп тұрса деп тырысады. Расы­мен де, кейде табиғат туындысын тама­ша­лап тұрып, өзіңді табиғаттың құша­ғын­да тұрғандай сезінуің мүмкін. Осы­лайша табиғатқа «тіл бітіріп» суретті «сөйлете» білу – он саусағынан өнер там­ған нағыз шебердің ғана қолынан келеді дерсің. Десе де туындыдағы тұлғаларға «тіл бітсе» қорқыныштың көкесі сонда болады.
Америкалық суретші Билл Стоун­хэм­нің «Қолдары қарсылық көрсетуде» деп аталатын туындысы көпшіліктің үрейін алған. 1972 жылы салынған суретшінің еңбегіне жұрт «Ең қорқынышты сурет» деген атақ беріп үлгерді. Тіпті 2000 жылы суреттің көшірмелері ғаламтор арқылы тез тарап, танымалдылығы артты. Бұл еңбекті монитор бетінен көрген адам­дар­дың өзі көп ұзамай, әлеуметтік же­лілерге денсау­лығының сыр бергенін айтып, пікір қал­дыра бастаған.
Туындысында суретші бес жастағы өзі мен қарындасын бейнелеген. Шебер ж­ұ­мысын «Лос-Анджелес Таймс» басы­лы­мының өнертанушысына көрсеткенді жөн санайды. Бірақ ол аталмыш еңбекке өзінің бағасын бермей жатып қазаға ұшырайды. Кейін сурет Джон Марли деген актердің қолына түскен. Бірақ ол да ұзақ жасамай, 1984 жылы қайтыс болған. Туындының одан кейінгі тағдыры 2000 жылдарға дейін белгісіз болып келген. Күндердің бір күні бұл сурет қо­қыстан бір-ақ шыққан. Оны тапқан отбасы бей­күнә балалар бейнеленген бұл еңбекті тазалап, қастерлеп, балаларының бөлме­сіне іліп қояды. Бірақ бірінші түні-ақ ке­селді туынды отбасының шырқын бұзады. Олардың 4 жастағы қызы қатты шо­шынып, ата-анасына суреттегі бала­лар­дың төбелесіп жатқанын айтады. Зә­ресі қашқан отағасы оңай табылған ол­жадан тезірек құтылуды ойлайды. Со­­­лайша аты-шулы туындыны алып-са­ту­мен айналысатын «eBay» компаниясы иеленеді. Көтерме бағамен сатылымға шыққан суреттен ешқандай өзгешелікті байқамаған Чикаго қаласының тұрғыны Ким Смит Стоунхэмнің бұл жұмысын қуана сатып алады. Иә, соншалықты сұрықсыз атаққа ие болуының себебін түсіне алмаған суретшінің бұл еңбегі Смиттің ошағында ұзаққа сақталады деген үміттеміз.
Испанияның белгілі суретші Джо­ван­ни Браголиннің «Баланың көз жасы» атты суреті де осылайша шу тудырған. Бір қызығы, суретті иеленген жандардың се­бепсізден себепсіз үйлері өртенеді екен. Тағы бір ерекшелігі – алапат өрттен атал­мыш туынды ылғи да аман қалып отырған. Өрттің шығуына себепкер болған «бала» жайлы ақпарат шартарапқа тез тарай­ды. Тіпті мұндай оқиғалардың жиілеп ке­туі­не байланысты бір кездері Ұлыбритания­да суреттің сатылымына тыйым салын­са керек. 1985 жылдары «The Sun» басылы­мы испан суретшісі еңбегінің көшірмелері де кішігірім өрт «ұйымдастырып» жат­қанын хабарлайды. Бұл ақпарат жұрттың туын­дыға деген қызығушылығын арттыра тү­седі. Қызық тақырыпты жұрт жаппай талқыға салады. Көп санасқан жұрт су­реттің шығу тарихына үңіліп, өрттің шығу себебін әріден тапқандай болады.
Негізі, бұл суретте көз жасына ерік бер­ген бала суретшінің өз ұлы екен. Ба­ланың жылағандағы шынайы көрінісін беру үшін әкесі ұлын шырпы жағып қор­қытатын болған деседі. Бала баж етіп жы­лаған сәтті пайдаланып, әкесі қылқа­ламына ерік береді. Тоқтаған соң, тағы да сол әдетіне басады. Бұл бала нәтижесінде ауыр дерттен қайтыс болып кетеді де, әке­сі мен шешесін ауыр қайғыға батырған екен. Міне, туындыға түскен бүлдіршіннің көз жасы осылайша біраз жерлерде өрт тудырып жүрген-мыс. Десе де көпшілік «Өрт қоюшы бала» туралы алыпқашпа әңгімелерге себеп болып отырған ағыл­шынның «The Sun» газеті деген пікірде. Олардың бұл әңгімелерді өршітіп жіберуін газетке оқырман тарту үшін жасалған қадам деп біледі.

«Айна ұстаған Венера»

Испандық суретші Диего Веласкестің де «Айна ұстаған Венера» атты еңбегі қар­ғыс атқан суретке айналып отыр. Атал­мыш туынды өзінің иесінің басынан бағын, астынан тағын тайдырған көрінеді. Сұлу қыздың әдемі мүсініне қызыққан талай байшыкеш көзі қызығып, біраз дәулеттен қағылған көрінеді. Кейде бұл сурет кедейлендіріп қана қоймай, қайғыға да ұшыратады-мыс. Осындай оқиғалардан кейін жаман атаққа ие болған «аруды» үйіне апаруға ешкімнің жүрегі батпаған. 1813 жылы суретшінің еңбегі ескеріліп, Ұлыбритания мұражайына жеткізілген. Туынды әлі күнге дейін сол жерде сақ­таулы тұрған көрінеді.
Негізі, суреттердің осындай сиқырлы күшке ие болуына шеберлердің өздері себепші. Кейде олар өздері суреттеп жат­қан дүниеге жан-тәнімен берілетіні сон­ша, ол туындыға өзінің рухани бір бөл­шегі қо­ныстанады-мыс. Мысалы, И.Ре­пин­нің туындыларындағы кейіпкер­лерінің өмірі қысқа болған. ХХ ғасырдың басында отбасылық және жеке суреттерді салғызу дәстүрге айналған болатын. Міне, сол дәстүрлі кезеңде талай жан өзі­нің су­ретінен «жапа» шеккен деседі. Ре­пиннің қылқа­ламына ілінген дәрігер Н.Пирогов, ком­позитор Мусогорский және ре­фор­машы Столыпин де суреті салынған соң ұзақ жа­самапты. Кей де­рек­терге сен­сек, мұн­дай жандардың саны онға жеткен. Дәл солайша Валентин Серовтың да біраз кейіпкерлері ауыр қазаға ұшырап отыр­-ған екен.
Сиқырлы күшке ие туындылардың арасында мысырлық патшайым Нефер­ти­тидің де мүсіні бар. Оның мүсінінің өзі көз жауын алады. Мүсіннің бір көзіне гауһартас салынған болса, бір көзі аяқ­таусыз қалыпты. Мамандар «шебердің оған екінші көзді салмауының себебі жанының осы мүсінге көшуін қалама­ған­дығынан болуы керек» деп топшы­лайды.
Иә, нағыз шебердің қолымен жасалған туындыларға ұзақ қарауға құмармыз. Ендігіде шын шеберлердің шығармасына таңырқай қараудан бұрын, тосырқай қарайтын боламыз…

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button