Жаңалықтар

“Шахтерге” сенім зор

Соңғы екі турдағы «Шахтердің» ойыны сенімімізді еселей түсті. Жерлестеріміз «Астананы» – 3:1, «Тобылды» – 2:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, қарағандылықтар 35 ұпаймен 9-шы сатыға жайғасты.

Кейінгі екі турда «Шахтерге» қарсылас атанған қос командаға «көмектері» үшін алғыс білдірсек, артық болмас еді… Кейінге ысырылған ХХІІІ тур шеңберіндегі ойынға «Астана» жастар құрамасын жіберді. Себебі, бірнеше тур бұрын чемпион тәжін басына киген елордалық клуб үшін бұл матч маңызды емес-ті. Ал, турнир кестесінің табанында жүрген «Шахтерге» жеңіс ауадай қажет. Мүмкіндікті мүлт жібермеді.

Шабуылшы Оралхан Өміртаев қарсылас қақпасына үш доп тоғытты. 21-ші, 26-шы және 38-ші минуттарда мергендігімен көзге түсті. 3:0.

Астаналықтар сапында Рамазан Кәрімов 85-ші минутта бір голды өз еншісіне жазды. 3:1.

3 қарашада Қарағандыға қостанайлық «Тобыл» келді. Мерзімінен бұрын чемпионаттың қола жүлдесіне қол жеткізген бұл клубтың басшылығы да көмірлі өлкедегі матчта негізінен қосалқы құрамның әлеуетін сынап көруді жөн көріпті.

Ақ қар, көк мұз құрсанған стадионда өткен бұл матчта да қарағандылықтар батыл қимылдады. 36-шы минутта – Гегам Арутюнян, 76-шы минутта – Дамир Кояшевич «Тобыл» қақпасын дәл көздеді. 2:0.

«Тобыл» да бос кетпей, Виктор Дмитренко 90-шы минутта есепті 2:1-ге жеткізді.

Қазір «Шахтерде» – 35 ұпай бар. 9-шы сатыда. Керекулік «Ертіс» және қызылжарлық «Қызыл-Жар СКдан» доп айырмашылығы бойынша басым тұр. 29-36.

Оралдық «Ақжайықтың» алдағы маусымды бірінші лигада өткізетіні белгілі. Чемпионат барысында 30 ұпай жинады.

Соңғы тур төменгі лигаға сырғуы мүмкін келесі ұжымды көрсетеді. Ал, мұндағы «Шахтердің» қарсыласы – биылғы бәйгенің күміс жүлдегері «Қайрат». Ойын 11 қарашада Алматыда өтеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button